Соңғы рет кездескен екенбіз...

Бүгінде жиі көтеріліп жүрген ұрпақтар үндестігі әр уақытта да жоғары маңыздылығымен ерекшеленеді ғой.

Содан да болса керек,  ауданның Құрметті азаматтары, бұрынғы «Путь Ильича» және Ленин орденді «Передовик» кеңшарларын басқарған Ғалымжан Нұғыман және  Райхан Құспанов ағалармен өткен әрбір кездесуден біз үлкен әсермен оралушы едік.

Әріптесіміз Сансызбай Базарбаев өз ағалары туралы сөзін «мұзжарғыштар ғой» деп ризашылықпен бастайтыны да енді тарихқа айнала бастағандай көрінеді. Өйткені, әлгінде ғана абзал аға Ғалымжан Нұғыман кенеттен бұл фәнимен қоштасты деген суық хабарды естіп отырмыз.

Көрген-білгендері көп Ғалымжан аға егде жасына қарамастан Көктоғайдағы «Жанбай» шаруа қожалығының шаруасын дөңгелентіп отырса, екіншісі-денсаулық жағдайымен алыстағы Алматы қаласында тұрғанымен де    жиі хабарласып, ауыл-аймақтың барлық жаңалық-жақсылықтарымен бөлісіп,   отыруларының өзінде әріден келе жатқан үлкен сыйластықтың ізі жатқанын аңғаратынбыз.

Екеуі де сонау сұрапыл соғыстың алдында дүниеге келіп, балалығын сол қиындықтарға бергендерін айтып, жастық шақтарын еске алады. Содан жоғары білім алып, осы Индер ауданы жеріндегі қос іргелі шаруашылықты басқаруға келгенде қайта табысып, бір-біріне көмектесіп, тәжірибелерімен бөлісіп, содан іргелері ажырамағанын сөз ететін.

Райхан ағамыз жақында Алматыдан келгенінде Ғалымжан аға досын жадырай қарсы алып, қонақжай аудандық мәслихаттың хатшысы Бағдат Сапаровтың төрінде  кездесулерінде де шаруа жайын сөз еткен.

Әрине, шаруа адамдарының ортақ әңгімесі де аз емес-тін. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, жайылымдықтарды тиімді пайдалану, соның ішінде көрші Батыс Қазақстан облысының Жаңақала, Ақжайық аудандарымен арадағы іскер байланыстардың мәні, тәжірибелері туралы ойларын ортаға салған.

Бұл арада облыстық мәслихатқа депутаты болып сайланған «Қазгазтранс-Аймақ» АҚ Индер бөлімшесінің басшысы Сағидолла Құлғалиевқа да олардың айтары аз болмаған. 

Ашық әңгімеде Бағдат Сапаров қос ағаға денсаулық тілеп, ауданның Құрметті азаматы Райхан Құспановты 80 жасқа толуына орай облыс әкімі мен аудан басшылығы арнайы  құттықтап, оны Алматыға барған топ табыс етіп, иығына шапан жабылғандығымен хабардар еткен еді.

Міне, сол бір жүзі жарқын, аяулы ағалардың бірі, іскер азамат Ғалымжан Нұғыманұлының енді абзал жүрегі кенеттен тоқтағанын естігенде, «Жазмыштан – озмыш жоқ» дегенге амалсыз  көндік.

Ғалымжан ағаның журналистикаға да жаны жақын жүретін. Үнемі байланыс жасап, жанашырлық танытатын. Осындай жаны жайсаң ағамен қоштасу әрине, қиын.

 Жаны жаннатта, топырағы торқа  болғай!

Отбасы, барша ағайын-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз.

С.ХАЛЫҚОВ,

Ж.АМАНТУРЛИН.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT