Әскери борышын өтеу – кез келген ер жігіттің өміріндегі маңызды кезең десек, отан алдындағы борышын өтеп, әскерден келген Әскербек Қанатов «1 жылдық әскерден үлкен өмірлік сабақ алдым» дейді. Оның есімі де ерекше. Анасы Айнагүл Төлегенқызының айтуынша, ұлы әкесі Аслан Сатанов әскер қатарында болған кезде дүниеге келіпті. Сондықтан отбасы жаңа туған нәрестеге әкесінің құрметіне Әскербек есімін берген екен.
Оқу орнын аяқтаған соң Талдықорған қаласындағы «Құрлық әскерлері» Сарыөзек гарнизоны 12740 әскери бөліміне қабылданады. Әскер қатарында жүріп 12740 әскери бөлімі 1 шабуылдаушы батальоны атыспен қолдау ротасы жауынгерлік және мемлекеттік құқықтық даярлығында үздік әскери қызметші ретінде және командирлердің тапсырмаларын бұлжытпай орындап, көзге түскені үшін бөлім командирі, подполковник Дәулет Секеновтың мадақтасымен марапатталған.
Сонымен қатар, бөлім командирі анасына Әскербектің мерзімді қызмет атқару барысында жоғары жетістігімен танылғаны әрі мықты Отан қорғаушыны тәрбиелеп өсіргені үшін Алғыс хат табыстапты.
– Әскер – ең алдымен өмірлік тәрбие мектебі. Қолына қару ұстап, ант берген әрбір жауынгер ел мен жерді сүюдің, патриотизм мен рухани-адамгершілік құндылықтарды әскери тәрбиенің арқасында бойға сіңіреді. Есімім Әскербек қойылғандықтан, мен де әкем сияқты елім үшін Отан алдындағы борышымды өтегім келді. Әкем екі жыл жаяу әскер қатарында болып, одан кейін жарты жыл оқып, сержант атағын алған. Ал, қазір әскери өмір бір жылды құрайды. Өзім әскер қатарында жүріп тәртіпке, тазалыққа, түзу жүруге, артық қылықтан аулақ болуға үйрендім. Негізінен құрлық әскерлері дегеніміз – құрлықта ұрыс қимылдарын жүргізуге арналған Қарулы күштердің түрі. Құрлық әскерлері қазіргі заманғы қару-жарақпен, әскери техникамен жабдықталған, қуатты атыс, қиратушы, соққы беретін қабілеті бар және өте жылжымалы құрлық әскерлері жер үсті қарсыласын түбегейлі талқандауда шешуші рөл атқарады. Құрлық әскерлерінің құрамына алыс жерлерді қосымша жанармай құймай-ақ жүріп өтуге және жүріс барысында қарсыласына екпінді соққы беруге кабілетті, өте жылжымалы танк құрамалары мен бөлімдері кіреді. Мысалы, мен «БМП 2» деп аталатын танк секілді машинаны жүргізіп үйрендім. Бұның барлығы да жас сарбаздардың шыңдалып, дамуына әсер ететін құралдар. Сондықтан өзім жас жігіттер еш қорықпастан әскерге барып, азаматтық борыштарын атқарып келсе деймін, – дейді Әскербек Асланұлы
Жадыра НАРИМАНОВА
Индер ауданы