Аудандық оқушылар шығармашылық орталығында 2020- 2021 оқу жылы қорытындыланып, жүлдегерлер марапатталды.
Оқушылардың шығармашылық белсенділігін арттырып, саналы еңбекке бейімдейтін, ғылым мен мәдениет саласында белсенді қызмет етуге тәрбиелейтін білім ұясында дәстүрлі офлайн форматта ұйымдастырылған шараның ашылуында орталық директоры Ералы Сахипов қош келдіңіздер айтып, ойлау мен шығармашылық қабілеттерің шыңдала берсін деген тілегін білдірді.
Пандемияға байланысты барлық санитарлық талаптар сақталған шарада ата-аналар атынан Жаннат Құрманбекқызы жылы лебізін білдірсе, «Сөз мерген» үйірмесінің оқушысы, аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері Еділ Оңғар мен «Қазына» үйірмесінің мүшесі Айша Баянғалиева шығармашылығын арнады.
Шара аясында әр бағыттағы үйірме оқушылары марапатталып, ата-аналар ризашылықтарын білдірді. Ал, келген қонақтар «Шығармашылық шыңға жетелейді» тақырыбындағы көрмені тамашалады.
Д.ҚАБИ