Шешімін күткен мәселе көп

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелерімен бірге түрлі деңгейдегі әкімдерге халықтың ұсыныс-тілектері бойынша әр тоқсан сайын есеп беруді міндеттеген болатын. Осыған орай аудан әкімі Дарын Шамұратов Бөдене ауылында болып, мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізді. Негізінен, өткен жолғы кездесуде халық тарапынан 9 мәселе көтеріліп, шешілу жолдарын бірлесе талқылаған болатын.

Атап айтқанда, аталған ауылдың кірме жолын және Далабаев көшесін жарықтандыру үшін жобалау-сметалық жобасы жасақталып мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынған екен. Қажетті 27 млн 505 мың теңге қаражат үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына қаржыға сұранысы берілген. Қаражат мәселесі шешілген жағдайда тиісті жұмыстар жасалады.

Бұқаралық спортты дамыту әрі оны халық арасында кеңінен насихаттау Мемлекет басшысы қойып отырған басты міндеттердің бірі екені анық. Ауылға денешынықтыру және сауықтыру кешенін салу үшін 0,4550 га. жер көлемі анықталды, жер кадастрлық жоспарын жасақтау үшін құжаттары жасақталуда. Ендігі кезекте жобалау-сметалық құжаттамасын демеушілік арқылы жасақтаудың мүмкіндігі қарастырылуда екен.

Ал зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлы атындағы көшеде орналасқан саябақты қайта жаңғыртып, демалыс орнына айналдыру үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталу үстінде.

Тағы бір мәселе ауылдық фельдшерлік амбулаториясына терапевт дәрігерімен қамтамасыз ету бойынша өткен жылдың күзінде фельдшерлік амбулаторияға жалпы тәжірибелік дәрігермен қамтамасыз етіліпті.

Ауыл маңындағы қоқыс алаңшасын қоршау үшін қазынадан 3 млн 471 теңге қаражат бөлініп, тиісті жұмыстар жасалған. Бөдене ауылындағы уақытша тоқ көзін пайдаланып отырған көшелерге тұрақты тоқ көзімен қамтамасыз ету үшін 2 дана 250 кВА трансформатор сатып алыныпты. Аталған трансформаторлар Далабаев және Биғазиев көшелеріне алдағы шілде айында қондырылмақ.

– Ауылға кіреберіс жол бойына жасанды жол кедергісін сатып алу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Ол үшін 3 327 200 теңге қаражат қажет болып отыр. Қаражаттың бөлінуіне қарай жұмыстар жүргізіледі, – деді аудан басшысы.

Бейбітшілік, Қ.Әбдіров, М.Мөңкеұлы, Кеңес және Бигазиев көшелеріне ауылішілік автомобиль және жаяу жүргіншілер жолын салу үшін өңірге белгілі «ПроектСтройИнженеринг» ЖШС демеушілігімен жобалық-сметалық құжаты жасақталып, қаражат көлемі бойынша қайтадан түзетуге берілген көрінеді.

Иесіз жүрген бұралқы иттерді жою және үй жануарын ұстаушы ауыл азаматтарына түсіндірме жұмыстары жүргізілген.

Хабарламадан соң сөз алған Құмар Тұрғалиев, Жанымзия Бөралиева, Жолдасбай Есенаман, Қалимаш Қайырова, Айман Ділмұқашева, т.б.есімді ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген мәселелермен қатар ұсыныстарын жеткізді.

Сегіз жылға жуық ауыл әкімі қызметін атқарған Жанболат Қизатовтың өкілеттілігі тоқтауына байланысты жұмыстан босатылғалы отыр. Осы уақыт аралығында елмен бірге етене қызмет еткен әкімге тұрғындар тарапынан жылы-жылы лебіздер айтылып, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

Сөз алған ауыл әкімі ауылдағы оң өзгерістер халықтың бекем бірлігінің арқасында орын алғанын, сол үшін жерлестеріне рахмет айтатынын жеткізді.

– Көтерілген ұсыныстар нәтижесіне жеткенге дейін аудан әкімі аппаратына бақылауға алынып, орындалысын әр тоқсан сайын өзім келіп баяндап, сіздердің сауалдарыңызға жауап беріп отыратын боламын, – деген аудан әкімі тұрғындар жиынын қорытындылады.

С.КӨШЕКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT