Шаруашылығын дөңгелетіп отырған шаруагер

Аққалалық Қайыржан Адировтың «Әлихан» шаруа қожалығын ашқалы жеті жылдың жүзі болыпты. Қазір қожалығы Елтай ауылдық округінде, Батыс Қазақстан облысымен шекаралас аймағындағы Қалыбай деген жерде орналасқан. Шаруашылығындағы еділбай қойын 400 басқа жеткізіп, басқа да төрт түлігін дамытып келеді.

Шаруагер еңбек жолын алғаш Амангелді атындағы совхозында автокөлік жүргізуден бастапты. Кейін бригадир, «снабженец» сынды жауапкершілігі жоғары жұмыстарды да атқара бастайды. Алайда совхоз тараған кезде басқа өңірден жұмыс іздеуге тура келеді, мұнай кеніштеріне вахталық жұмыстарда еңбек етеді.

-Бірақ мұнайлы өңірлердің ауа райы жақпады, сырқаттанып қалатынды шығардық. Шіркін, ауасы тынысыңды ашатын туған жерге не жетсін. Ауылға келіп, балаларыммен ақылдасып, жер алып, шаруашылық ашуды ұйғардым. Қазір шүкір, шаруашылығымды дамытып келемін. Өнімдерімді ауыл шаруашылық жәрмеңкелерде қолжетімді бағамен шығарып отырамын, - деді қожалық иесі.

Шаруагердің отбасында жұбайы Нәсіп Қартабаева Аққала орта мектебінде бухгалтерлік қызмет атқарып, зейнеткерлік демалысқа шығып жатса, 2 ұл, 3 қызынан тараған немере-жиендерінің қызығына бөленіп отыр. Демалыс болса шаруашылығына қыдырып келетін немересі Әлиханды қасынан тастамайды.

Шаруа қожалығының атауын да осы немересінің есімімен қойыпты.

Саламат САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT