Аудан әкімдігінде өткен мәжілісте «Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында аудан бойынша атқарылып жатырған жұмыстар туралы» аудандық өнеркәсіп, кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Б.Сахипов, «Бизнес-Бастау» жобасының Индер ауданына іске асырылуы туралы» «Бизнес бастау» жобасының тренері Б.Шайхиева баяндады.
Жалпы «Бизнес- Бастау» жобасы бойынша 78 адам оқып, кәсіпкерлік жөнінде толық мағлұмат алып шығуда. Дегенмен Б.Шайхиева кәсіпкерлерге берілетін грандты көбейтуді, ісмерлер сынды кәсіппен шұғылданам деушілерге арнайы ғимарат қарастырылып, жас кәсіпкерлер үшін форум өтсе деген ойымен бөлісті. Алайда аудан басшысының сұрағынан белгілі болғандай кейбір сала басшылары мен округ әкімдері бұл орталыққа бас сұғып, өздерінің қажеттіліктеріне орай ондағы оқып жатқандармен кездеспеген. Сондықтан да аудан басшысы М.Қалауи: -Сіздерге қажетті болашақ бизнес өкілдері мына жерде сауат ашып жатыр. Әр қайсысы әр кәсіпті таңдап, бизнес ашуы мүмкін. Ал сіздердің мұнымен істеріңіз жоқ,-дей келе Б.Шайхиеваның ұсыныстарын қолдайтынын және арнайы курстан өткендердің кәсіпкерлікпен шұғылдануына бар жағдай жасау қажеттігін айтты. Расында да бұдан бұрын да бірнеше адам маманданып, қолдарына сертификат алған. Бірақ түрлі қиындықтар, өзіне өзі сенбеу салдарынан бизнесі басталмай аяқсыз қалғандары бар. Сондықтан ынтаны тәуекелмен ұштастырған жөн.
Дендер-Ақпарат
Сурет ашық дереккөзден алынды