Сауаттылық артып келеді

Жақында аудандық музейде облыстық Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығының әлеуметтік тапсырысы аясында «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Ғибадат» тақырыбында интеллектуалды сайыс өтті.

Мақсат – аудандағы жастардың діни сауаттылығын арттыру, ұлттық құндылықтар мен дәстүрді дәріптеу, қазақстандық патриотизмді, жастар арасында ауызбіршілікті нығайту.

Сайысқа «Рахман», «Кәусар», «Үммет» деп аталатын топтың мүшелері «Жүзден жүйрік», «Ұлық Имам Әбу Ханифа», «Адамзаттың асыл тәжі», «Құран жанның шипасы» сынды 4 кезең бойынша сынға түсті. Оларға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Артур Мурзин, аудандық «Әйіп-Қажы» мешітінің бас имамы Ералы Қамзағалиев, теолог Ерлан Сағынов, «Ақпараттық талдау орталығының» аудан бойынша жауапты өкілі Қымбат Кәрім топ мүшесі Нұргүл Кәрімқызы қазылық етті. Сайыстың әр кезеңінде қойылған танымдық сұрақтарға жауап беру арқылы жастардың білім деңгейі анықталды. Нәтижесінде үшінші орынды «Рахман», екіншіні «Үммет», ал үшіншіні «Кәусар» тобы еншіледі. Жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілген сайыс соңында Қымбат Хайроллақызы белсенділікпен қатысқан Ұлан Саясатов, Дияр Нұрсұлтанов, Мұратбек Борисұлы, Сұлтан Батабиев, Рафхат Жұмабайларды марапаттады.

Шара соңында «Кәусар» тобының мүшесі, «Нұр Мүбәрәк» медресесінің 2-курсын бітіріп келген Мұратбек Борисұлы өз ойын былайша өрбітті: «Сайыс өте қарқынды, жақсы өтті. Қатынасушылар жақсы дайындалған. Осындай шаралар алдағы уақытта да өткізіліп тұрса деген ойдамын».


Гүлбаршын Дүйсембиева,

М.Өтемісұлы атындағы

Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті.

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT