Сауал – сізден, жауап – бізден

Халық көкейінде неке заңдылықтарына қатысты қойылатын сауалдар өте көп. Бұл жолы арнайы сауалдарға «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының азаматтық хал актілерін тіркеу басқармасының басшысы Алмагүл Туремуратова жауап береді.

 

1-сұрақ: Тууды тіркеу мерзімі қандай?

Жауабы: Тууды тіркеу мерзімі өтініш түскен күннен бастап  2 жұмыс күні.

2-сұрақ: Баланың тегін, атын, әкесінің атын жазу тәртібі қалай жүргізіледі?

Жауабы: Баланың тегін, атын, әкесінің атын жазу тәртібі «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 194 бабымен реттеледі. Ата-аналарының тілегі бойынша баланың тегі ұлттық дәстүрлер ескеріле отырып, баланың әкесінің немесе атасының атымен жазылады.

Азаматтардың тілегі бойынша ұлты қазақ адамдардың тегі мен әкесінің атын жазуда қазақ тіліне тән емес: –ов, -ев, -ова, -ева, -ин, -н, -ины, -на, -овна, -евна, -ович, -евич аффикстері алып тасталады, ал олардың орнына әкесінің атына: –ұлы, -қызы деген сөздер қосылып бірге жазылады.

Ұлты қазақ адамдардың әкесінің аты тегін ауыстырған кезде оның міндетті түрде бірінші болып тұруына, одан кейін атының жазылуына жол беріледі, ал әкесінің аты қалауы бойынша жазылады.

Әкесінің атына "-ұлы, -қызы" деген жалғау қосылып, тегін ауыстырған жағдайларда, әкесінің аты жазылмайды.

3-сұрақ: Некеге отыру үшін қандай құжаттар талап етіледі?

Жауабы:ҚР-ның жеке куәлігі (түбіртек)

4-cұрақ: Шетел азаматымен некеге қалай отыруға болады?

Жауабы: Шетел азаматымен некеге отыруға өтініш тіркеуші орган арқылы және онлайн қабылданады. Шетелдік азамат паспортының нотариалды куәландырған көшірмесін және өз елінің уәкілетті органдары берген некеге құқық қабілеттілігі туралы анықтама ұсынады.

5-cұрақ: Жоғалтып алған туу туралы куәлікті қайта жасау үшін қайда барып өтініш беруге болады және ол ақылы ма?

Жауабы: Жоғалуына немесе бүлінуіне байланысты қайталама куәлікалу үшін кез келген халыққа қызмет көрсету бөліміне не электрондық үкімет порталы арқылы онлайн өтініш беруге болады, қызмет көрсету құны – 3864тг

6-сұрақ: Баланың туу туралы куәлігінде, егер әкесі туралы мәлімет көрсетілмесе, әкесінің мәліметін қандай негізде жазуға болады?

Жауабы: Баланың туу туралы куәлігіне әкесі туралы мәлімет ата-анасының тіркеуші органға бірге келіп әке болуды анықтау туралы бірлескен өтініш беруі негізінде ғана енгізіледі.

7-сұрақ: Тегімді әкемнің атына ауыстыра аламын ба, ол үшін қандай құжаттар қажет?

Жауабы: ҚР-ның 16 жасқа толған кез келген азаматы өз тегін ұлттық дәстүр бойынша әкесінің атына ауыстыра алады. Қажетті құжаттар – туу туралы куәлік, фотосурет 3х4 (2 дана), түбіртек.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521