«Көктем» қазақ орта мектебінің 7 сынып оқушылар жеті хан жерленген «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығына саяхат жасады.
Киелі өлкеге саяхат жасаған оқушылар орта ғасырлық шаһарды көріп, оның тарихымен танысты. Бұл мектеп ұжымының – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған «OtanLife» жобасы аясында «МузейFest» жобасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылған шарасы.
-Бізді қарсы алған Сарайшық музей қорының қызметкерлері Алтын Орда тұсындағы дүниенің ең сұлу, ғажайып қаланың құпияларымен таныстырды. Әуелі саяхатымыз қасиетті Сарайшық қалашығының орнынан басталып, кейін сол жерде жерленген хандарымыздың, ата-бабалардың рухына құран бағыштаумен жалғасты. Одан әрі археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде ашық аспан астындағы мұражайға айналған Сарайшық қаласының ескі орнында болып, оқушылар қала туралы, оның қазақ халқы үшін алатын тарихи орны жайлы толық мағлұмат алды,- дейді сынып жетекшісі А.Мамаева.
Ал оқушылар Сарайшық қолөнершілерінің шеберлігін танытанын тұрмыстық бұйымдар, сан жылдар өтсе де сапасы жоғары күйде сақталған кірпіш, құмыра, қыш құбырлар бөлшектерін көріп, тамсанғандарын жарыса айтып, экскурсиялық саяхат кезіндегі әсерімен бөлісті.
-Мұражайдың кіреберісінде Елбасының Сарайшыққа сапары кезіндегі суреті мен қолтаңбасы қойылыпты. Бұл әрине келген кісіге ерекше әсер береді. Ал мұражай ортасында қаланың шағын макеті, әйел адамдардың әшекей бұйымдары, ескі монеталар, қыш құмыралар да төрден алыпты. Мұндағы әрбір тарихи экспонат бізге өзіндік сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырды. Одан әрі бізді мұражай қызметкері киелі жәдігерлермен таныстырып, оның әрқайсысының құндылығы жөнінде терең түсінік берді. Осы тұста бізге осындай көңілді демалыс сыйлаған ұстаздарыма алғымды айтамын,-дейді Ә.Исаұлы.
Осылайша оқушылар ата-баба ескерткішіне тағзым етіп, сырға толы Сарайшықтың аңыз әңгімелерін тыңдап, естелік суретке түсті.
Диас АЙБАР