Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беру, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру – еліміздің болашағына салынған берік іргетас екендігі баса айтылды. Бұл бағытта қолға алынған «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – уақыт талабына сай жасалған маңызды бастама.
Бағдарламаның мақсаты – отбасы, мектеп және қоғам бірлігін нығайта отырып, жас ұрпақты жан-жақты дамыған, парасатты, жауапты азамат етіп тәрбиелеу. Осы тұрғыдан алғанда тұрақты өткізілетін іс-шаралардың тәрбиелік мәні зор. «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы», «Өнегелі 15 минут», «Күй күмбірі», «Менің Қазақстаным» сияқты жобалар оқушылардың ұлттық рухын көтеріп қана қоймай, олардың бойында елжандылық, мәдениет, жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді.
Апта сайынғы сынып сағаттары мен «Қауіпсіздік сабағы» сияқты жүйелі жұмыстар білім алушылардың қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін, салауатты өмір салтын, ұжымшылдық пен ұйымшылдықты бойына сіңіруге бағытталған. Мұның бәрі Мемлекет басшысының Жолдауда атап көрсеткен өскелең ұрпақтың санасын жаңғырту, ел болашағына адал қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеу мақсатымен толық үндеседі.
Сондықтан «Адал азамат» бағдарламасы – Жолдаудағы тапсырмаларды жүзеге асырудың нақты жолы әрі жас ұрпаққа саналы тәрбие берудің тиімді құралы деп білеміз.
Тұрсынай Аренова,
Индер аудандық білім бөлімінің әдіскері