САДАҚШЫ НАУРЫЗБЕК

ДҮНИЕГЕ СӘБИ КЕЛГЕНДЕ АТА-АНАСЫ ЕҢ СЫЙЛЫ, ҚҰРМЕТ ТҰТАТЫН АДАМЫНА ЕСІМІН ҚОЙҒЫЗСА, ЕНДІ БІРІ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН АЙЫНА САЙ ҚҰРМЕТТЕП ЕСІМ БЕРГЕН. МӘСЕЛЕН, ХАЛҚЫМЫЗ ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІН ЖАҚСЫЛЫҚҚА БАЛАП, СОЛ КҮНІ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН ҰЛ БАЛАҒА НАУРЫЗБЕК, НАУРЫЗБАЙ, НАУРЫЗҒАЛИ, НАУРЫЗХАН, ҚЫЗ БАЛАҒА НАУРЫЗГҮЛ, НАУРЫЗБИКЕ ДЕГЕН СЕКІЛДІ ЕСІМ БЕРГЕН. НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛІП, ЕСІМДЕРІ СОҒАН САЙ ҚОЙЫЛҒАН ЖАНДАР АРАМЫЗДА ДА БАР. 

Соның бірі барша халық ерекше көңіл- күймен тойлайтын Ұлыстың Ұлы күнінде дүние есігін ашқан Наурызбектің есімін атасы қойыпты. Идеятов Наурызбек Болатұлы 1996 жылы 22 наурызда Өрлік ауылында Болат Идеятов пен Маржан Кенжебаеваның шаңырағында дүниеге келген. Ол «Менің туған күнімді менің жақындарым ғана емес, барша қазақ елі тойлайды» деп, мереке күні өмірге келгенін үлкен жақсылыққа балайды.

– Бала кезімде туған күнімде орталықта өтетін Наурыз тойына атаммен баратын- мын. Сонда атам мен кішкентай болсам да есімімнің мәнін түсіндіріп, маңыздылығын айтып беретін. Туған күнім Наурыз мейра- мымен тұспа-тұс келгендіктен үйде анам на- урыз көже дайындап, үлкен дастархан жайып атап өтетінбіз. Есімім өзіме ұнайды. Тарихта да Алтын Орданы билеген хандардың бірі – Наурыз екені белгілі, – дейді ол.

Наурызбектің атасы Идаят Кенжалиев –Ұлы Отан соғысының ардагері. 1918 жылы дүниеге келіп, 1942 жылы 4 қаңтарда Отан қорғауға алынады. Алғашқы әскери дайындықты Свердлов облысының Бугу - руслан ауданында өткізіп, 860 атқыштар полкінде Орлов бағытында ұрысқа қатысып, жараланып Тулада госпитальда емделгеннен кейін қайта Орел қаласы маңында ұрысқа қатысқан. 1943 жылы 5 маусымда ауыр жараланып, ІІ топтағы соғыс мүгедегі болып елге оралған. Елге келгеннен кейін ұзақ жылдар бойы «Передовик» колхозында түрлі жұмыстар жасаған. 1998 жылы дүниеден өтіпті.

Наурызбек Идеятов ауылдағы Қ.Абаханов атындағы орта мектепті аяқтаған соң Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығында бакалавр, одан соң магистрлік білім алған. Бүгінде ауылдағы Қ.Абаханов атындағы орта мектепте мұғалім болып еңбек етуде. Еңбек ете жүріп, «Үздік авторлық бағдарлама» байқауынан ІІІ орын, 22 наурыз мейрамына орай жастар арасында тоғызқұмалақтан аудандық біріншілікте ІІІ орын, аудандық педагогикалық оқулардан ІІ, ІІІ орын, Алматыда өткен республикалық «Үздік жас маман» олимпиадасынан ІІ орын, аудандық мұғалімдер спартакиадасы президенттік көпсайыстан І орын, садақ атудан ұстаздар арасында өткен аудандық біріншілікте ІІ орын иеленген. Одан бөлек, сайысқа баптаған оқушылары да түрлі жетістіктерге ие болып, ұстаз мерейін арттырып жүр. Атап айтсақ, шахматтан өткен аудандық біріншілікте Тахмина Байжанова, Арсен Қайдарбаев, Дияс Қиратов ІІІ орын, Ұлттық мектеп лигасында командалық есепте былғары доптан І орын, асық ату мен волейболдан І орын, тоғызқұмалақ пен футзалдан ІІ орын, баскетбол мен гандболдан ІІІ орын, жақында ғана асық атудан Алиасқар Мейрамбекұлы, Марат Фархад, Қират Ілияс ІІІ орын, ХІ облыстық гимназияда шаңғы тебуден 2006-2007жылы қыздар арасында Жансая Қисмет ІІІ орын, президенттік көпсайыстан 2008 жылғы қыздар арасында Риза Азидолла ІІІ орын, шаңғы тебуден 2008 жылғы ұлдар арасында Нұрсәт Жәнібекұлы ІІІ орын, президенттік көпсайыстан 2006-2007 жылғы қыздар арасында Альбина Дүйсенғалиева ІІІ орын, ғылыми жобалар байқауында Азидолла Риза ІІІ орын жеңіп алған.

Ұлттық спортты жанына серік еткен ол бос уақытында садақ тартып, асық атқанды ұнатады. Бастысы, адал еңбек етіп, өз білімімен жақсы ортада жұмыс істеп жүргеніне шүкір етеді.

– Жыл өткен сайын ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп, ұлттық спортымызға қызығушылық артып келеді. Біз мектеп оқыған жылдары волейбол, баскетбол, футбол ойындарын үйрететін. Ал қазіргі мектеп бағдарламасында бес асық, садақ ату, тоғызқұмалақ секілді ұлттық спорт түрлері бар. Оқушылардың бұл спорт түрлеріне қызығушылығы ерекше. Сондықтан осы бағыттағы жарыстар қатары көбейсе деген ұсынысым бар, – дейді Наурызбек Болатұлы.

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

Индер ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT