Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай республика көлемінде 16 және 17 желтоқсанда дүниеге келген нәрестелерге Мемлекет басшысының атынан «Сүйінші» baby-бокстары тапсырылды. Ауданымызда 17 желтоқсан күні Ерлан мен Айдананың отбасында шекесі торсықтай Рахим атты ұл дүниеге келді. Осыған орай сала мамандары арнайы құттықтап барды.
«Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Атырау облысы бойынша филиалы Индер аудандық Халыққа қызмет көрсету бөлімнің басшысы Әсет Бейімбетұлы мен аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Мунира Сатаева дүниеге есігін ашқан сәби мен анасына құттықтау тілектерін жеткізіп, Туу туралы куәлікті табыс етті.
Өз кезегінде аудандық «Қазпошта» АҚ аудандық филиалының басшысы Жігербек Төлеуғалиев өзіне тапсырылған бокс қорабын ұсынып, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын тапсырып, ана мен балаға мықты денсаулық тіледі. – Сәбилердің туу туралы куәлігін дайындау барысында мәліметтерді құжатты дайындау үшін АХАТ бөліміне жолдадық. Осылайша, мереке күндері халыққа қызмет көрсету орындары мен АХАТ бөлімі, «Қазпочта» қызметкерлері бірлесе жұмыс істеді. Бүгін, міне, жас анаға құжатты тапсырдық,- дейді Әсет Бейімбетұлы.
Айдана Мусабекованың дүниеге әкелген бұл төртінші сәбиі екен. -Ұлым 17 желтоқсанда дүниеге келді. Барлық баламызды бірдей жақсы көреміз. Әр баланың өз несібесі бар. Осылай мерекемен қатар дүниеге сәби әкелген аналарды елеп, қамқорлық танытып құттықтап жатқандарыңызға алғысым шексіз, – деп алғысын білдірді ол.
«Сүйінші» бокс жинағында сәбилерге арналған ең қажетті заттар бар.
Атап айтсақ, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» естелік монетасы, жас ата-аналарға арналған ақпараттандыру брошюралары, жаңа туған нәрестеге арналған түрлі керек-жарақтар мен гигиена құралдары салынған. Аталған акция Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу және ана мен баланы қолдау шеңберінде өткізілуде.
Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ