Өрліктік көпбалалы мұқтаж жан баспаналы болды

Көктемнің алғашқы күні аталып өтілетін Алғыс айту күніне орай Индер ауданы Өрлік ауылында тұратын көпбалалы отбасына халықтың демеуімен 6 бөлмелі баспана берілді. Аядай екі бөлмеде он адам тұратын отбасы үшін бұл тосын жаңалық болғаны анық.

Өткен ғасырдың 1950 жылдары саман тастан салынған ескі баспанасын жөндеуден өткізуге ешқандай мүмкіндігі жоқ оларға ауылдастары мен атымтай жомарт жандар аз уақыт ішінде 3 млн 700 мың теңге қаражат жинап беріп, азаматық танытты. Қуанышты сәтте құран оқылып, шашулар шашылған соң ақ тілектер ақтарылды.

Алғашқы сөзді алған ауыл әкімінің міндетін атқарушы Мұратбек Қаженов, ауыл азаматтары Жоламан Бейісов, ағайынды Қайрат, Асхат Тантаевтар, журналист Лазат Қаражанова, Игілік Қанатов, Әділгерей Ғазизов сөйлеп игі-тілектерін арнады.

zhana-uj

Екінші топтағы мүгедек болып табылатын үй иесі ауылдастарына өз алғысын жеткізді.

-Құрметті ағайындар! Маған ел болып осы үйді алып беріп жатқандарыңызға мың алғыс. Осы жұмыстың ойдағыдай аяқталуына ұйытқы болған Қуат Жанесеевке, Қайрат Тантаевқа ерекше алғыс айтқым келеді. «Көп түкірсе көл» демекші, ауылдастарымның осындай ұлағатты істеріне өмір бойы риза болып өтемін,-деді жаңа қоныстың иесі Талап Сапарғалиұлы.

Міне, жетімін жылатпай, тарыққанын қолдап отыратын дархан қазақтың осынау жомарттығының арқасында тағы бір отбасы үлкен қуанышқа кенеліп отыр. Сөз жоқ, бұл – ертеңіне сеніммен қарайтын егемен елдің өткеннен қалған ұлы мұрасы жоғалмай өз жалғасын тапқанының бір көрінісі.

С.КӨШЕКОВ,

Өрлік ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT