Осыдан тура бір ай көлемінде облыстық «Атырау» газеті жариялаған «Әлемді әлдилеген ана» атты байқау өз мәресіне жетті.
Байқаудың басты мақсаты – мектеп оқушыларының еркін шығармашылыққа деген қызығушылығын арттырып, оларды ынталандыру.
БАҚ-тан білгеніміздей, редакция поштасына түскен шығарманың дені шартқа сай келмеген. Тіпті жауыр болған жазбалардың бір-біріне ұқсас, тіпті ғаламтордан көшірілген жұмыстардың көп болғанын сарапшылар алқасы да растап отыр.
Дегенмен, 125 шығарманың ішінен 5 эссе мен ынталандыру мақсатындағы 5 шығармашылық жұмыстың иегерлері анықталды. Олардың қатарында Махамбет атындағы орта мектептің оқушылары Жайна Бисен (сол жақта) мен Жайна Қапсихова (оң жақта) бар. Жақын күндері шығармашылық қабілеттерін жақсы көрсете білген оларға «Атырау-Ақпарат» ЖШС арнайы сыйлықтар және Алғыс хаттар табыстайтын болады.
Конкурсқа қатысуға Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданынан бөлек Индер ауданының жас жеткіншіктері де белсенділік танытыпты Оқушылардың жетекшісі, мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ардақ Қайырлиевамен тілдескенімізде, ол газеттен оқушыларының жүлдегерлер сапында болғанын көріп ерекше қуаныпты.
Ендеше, биіктерден көріне беріңдер, жарсуаттық Жайналар!
Диас АЙБАР