Халықаралық мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай жаңа мәдениет үйінде аудан әкімдігі, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің қолдауымен «Дендер» жастар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Шектеулі мүмкіндік – шектеусіз өмір» атты мерекелік концерт өтті.
Даму мүмкіндіктері шектеулі балалар мерекелік шараның нағыз белсенді қатысушылары болып табылады. Балалар айналаға бейімделіп, өзін азамат ретінде сезініп, адамдар мен тең дәрежеде қарым – қатынас жасауына мүмкіндік туғызылды. Сахна шымылдығын ашқан салалық бөлімнің басшысы Асхат Аймұратов бүлдіршіндердің өнер жолындағы қадамдарына сәттілік тіледі. Жеткіншектер қолдан жасаған бұйымдар мен сурет көрмесін ұсынды. Шараны көруге келгендер саны көп болды. Өйткені дене қозғалыстарының кейбір қиындықтарына қарамастан балалар концертке жіті дайындалып, әсерлі бағдарлама әзірлеген. Сахнада шешендік өнер, вокалдық шығармашылық, би мен көркем шығармашылық та ұсынылды. Шара соңында Алғыс хат және естелік сыйлықтар және "Сәт" тобының концертіне 2 билет табысталды. Туғанынан сырқатқа ұшырап, өмірде кедергілерге тап болса да, жақындарының, елінің қолдауымен бүгінгі жағдайға жетіп отырған бүлдіршіндеріміз аман болсын.
Г.ИГІЛІКОВА.