Биыл Құлсары қаласында санитарлық тазалау, көгалдандыру және абаттандыру бағыттарында жүйелі жұмыстар атқарылып, қала инфрақұрылымын жаңғыртуда нақты нәтижелерге қол жеткізілді.
Қала әкімдігі тарапынан жүзеге асырылған жобалардың негізгі мақсаттарының бірі тұрғындар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі көрікті қалалық ортаны қалыптастыру. Құлсары қаласының әкімі Адинов Қадыржан Аманкелдіұлының айтуынша, биылғы атқарылған жұмыстар қаланың ұзақмерзімді дамуына негіз болатын маңызды кезеңдердің бірі болды.
Оған дәлел, 2025 жылы Құлсары қаласының санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында “ЖылыойТазалық”жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қала аумағындағы 522 көшеде күн сайын тазалау жұмыстарын жүргізді. Жыл қорытындысы бойынша 51 759 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару бағытында 820,8 тонна қоқыс шығарылып, оның 98,5 тоннасы сұрыпталды. Бұл көрсеткіштер экологиялық талаптарды сақтау және қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесін көрсетеді.
Биыл көгалдандыру саласында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Қала аумағындағы жасыл желектерді сақтау және көбейту мақсатында бұрын әзірленген дендрологиялық жоспар негізінде жұмыстар жалғасын тапты. “Теңізшевройл” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне көгалдандыру үшін 29,3934 гектар жер учаскесі бөлінді. “Таза Қазақстан” республикалық акциясы аясында мамыр айында демеушілік негізде 750 көшет отырғызылды. Қазан айында мемлекеттік сатып алу порталы арқылы өткізілген конкурс нәтижесінде 1 000 ясень ағашы егілді. Аталған жұмыстарды “KHAIYR мүгедектер қоғамы”қоғамдық бірлестігі орындады.
А.Ерденқызы


