Ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жастар мен балалардың бос уақытын тиімді де көңілді өткізуге байланысты аудан, ауыл округтері әкімшіліктері мен облыс және аудандық мәслихат депутаттарының алдына жазғы спорт алаңын салып беруге деген өтініштері көптен бері айтылып келе жатыр.
«Спорт – денсаулық кепілі» дегендей, сол жоба биыл сәтін салып, ауылымыздағы орта мектеп пен медпункт аралығынан арнайы жер бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған бола тын. Бұндағы футбол алаңын жасақтау, газон төсеу, турник, сырғанақ орнату, төсемтас төсеу, айналасын көгалдандыру, терек егу, айналасын жарықтандыру жүзеге асуда. Ол құрылыста ауыл азаматтары – Қанат Рахимов, Елубай Кенжағалиев, Сағындық Мырзағалиев, Мұрат Аухатов, Қайрат Шаукиров,Мұхтар Тегісбаев, Нұрхат Шомаевтар уақытпен санаспай еңбек етуде.
Бұл жобаны жүзеге асыруды «Атырау-Строй» стандарт» ЖШС қолға алған екен. Мекеме басшысы Дүйсенбай Напиховтың айту ынша, құрылысқа қажетті материалдар жеткілікті, және жазғы балалар спорт алаңын қыркүйек айының соңынан қалдырмай аяқтап, балалар игілігіне беру көзделіп отыр екен.
Иә, қуанса балалар қуанса екен. Себебі, олар ертең елімізді көркейтеді, спорттық аренада олжа салады. Мұндай игілікті істер алдағы уақытта да ау ылымызда жалғаса берсе деп тілейміз.
К.САҒЫНТАЙ,
штаттан тыс тілші,
Құрылыс ауылы