НЕ? ҚАЙДА? ҚАШАН?

25 қазан күні рәміздер алаңында мемлекеттік Туды салтанатты көтеру рәсімі өтеді. Сонымен қатар, Атырау қаласы бойынша 20 балабақшаның ауласына барлығы 1000 түп жеміс көшеті отырығызылатын болады.

Республика күні аясында ұйымдастырылатын акция 21 қазан күні Атырау қаласы «Нұрсая» шағынауданындағы №29 «Нұрсая» бөбекжай-бақшасынан бастау алатын болады. Бұл шараға «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының сарбаздары, белсенді жастар мен ардагерлер, балабақша бүлдіршіндері қатысады. Бұл туралы ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен бирифингте айтып берді. Биыл он үш жылдан кейін ұлттық және мемлекеттік мереке ретінде бүкіл халықпен аталып, қоғамдық қолдауға ие болған Республика күні Қазақстанның жаңа тарихында еліміздің басты мерекелерінің бірі болып қайта оралады. Осыған орай, бұл күнді ауқымды және бүкілхалықтық мереке ретінде қалыптастыру мақсатында Республика күнін мерекелеудің тұжырымдамасы әзірленіп, 52 тармақтан тұратын облыстық іс-шаралар жоспары жасақталыпты. – Республика күні аясында мемлекеттік Туды көтеру рәсімі басты оқиғаға айналып, мерекелік іс-шаралардың динамикасына тың серпін бермек. Ұйымдастыру-дайындық іс-шаралары негізінде Атырау қаласы және аудандардың орталық алаңдары мен көшелерінде Республика күніне орай дайындалған баннерлер ілінуде. Салтанатты іс-шаралар 22-25 қазан аралығында өткізіледі. 22 қазан күні Атырау қаласы және аудандарда республика күніне арналған салтанатты шаралар ұйымдастырылады. Мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған қызметшілердің салтанатты ант қабылдап, мемлекеттік және ведомстволық наградалармен, алғыс хаттармен, грамоталармен марапаттау шаралары өтеді, – дейді Гүлнұр Жалғасқызы. Білім беру ұйымдарында жалпыреспубликалық «Атамекен» тақырыбында патриоттық диктант-конкурс, «Менің арманымдағы Қазақстан» тақырыбында эссе жазу конкурсы мен «Қыран елім – Қазақстаным!» мәнерлеп оқу конкурсы, «Патриоттық даусы» Әнұранды жаппай орындау, жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері,спорттық шаралар, көрмелер, мерекелік концерттер мен түрлі байқаулар ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар, мереке аясында Атырау қаласы және аудандарда «Таза табиғат» жалпыреспубликалық экологиялық акциясы, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастыру жоспарланып отыр. Республика күні қарсаңында өңірде зейнеткерлік жастағы жалғызбасты және жалғызілікті азаматтарға, мүгедектігі бар жандарға қайырымдылық көрсету бағытында «Жанашыр жүрек» халықтық қайырымдылық акциясы ұйымдастырылуда.

 

Рита ӨТЕУҒАЛИ

25qazan-respublika

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521