Нәтижелі жұмыс жасалуы керек!

Достық үйінде Атырау облысының этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері мен мүшелері «Amanat» партиясы Атырау облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Арман Азаматовпен бірге  «Әділетті мемлекет. Біріккен ұлт. Игі қоғам» Жолдауын талқылау мақсатында дөңгелек үстел басына жиналып, елде 2022 жылға дейінгі даму стратегиясының қандай міндеттері жүзеге асырылғанын саралады.

Арман Азаматовтың айтуынша, Жолдауда қазақ қоғамын «дүбірлетуі» тиіс ең өзекті сәттер бар. – Сондай-ақ, Мемлекет басшысы  қоғамда екіұшты пікірлер туғызатын «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды қайта қарауды тапсырды. Ел Президенті бір рет және жеті жылдан аспайтын мерзімге сайланатыны да ел үшін  маңызды дүние. Ал әкімдер енді өкілеттіктерін кеңейтеді, - деді ол.

Этномәдени бірлестіктердің мүшелері Жолдаудың түрлі аспектілері бойынша баяндама жасады. «Былина» этномәдени бірлестігі төрағасы Андрей Кораблев Ұлттық қордан балаларға арналған есепшот ашылатыны туралы және  орыс, славян және казак қауымдастығының Атырау филиалының жетекшісі Владимир Заверткин басқа елдерден көлік алу мәселесіне тоқталды.

– Қазір ескі көліктерді қабылдауды жалғастыруға рұқсат беру немесе бермеу даулы мәселеге айналды. Келген көлікті тексеруден өткізіп, жақсы жағдайда ұстаса қарсылығым жоқ. Тек бізде көлік жүргізу мәдениетінің жоқтығы қынжылтады, - деді Владимир Заверткин.

Дөңгелек үстел басында келелі мәселелер қозғалып, жиынға жиналғандар тура бір жылдан кейін тағы да кездесуге уағдаласты.

– Елбасының жыл сайын Жолдауы жарияланады. Бірақ бәрі бірдей орындала бермейді. Биылғы тапсырмаларды  жүзеге асыруды пысықтап, бір жылдан кейін  нәтижесімен бөлісу үшін тағы да кездесуді ұсынамын, - деп сөзін түйіндеді «Amanat» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Арман Азаматов. Бұл ұсынысқа бірлестік мүшелері бір ауыздан келісті.

Надежда ШИЛЬМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT