Адам құқықтарын қылмыстық процесс барысында, пенитенциарлық жүйеде сақтау және заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселелеріне ерекше назар аударылды

Бас Прокурор Берік Асыловтың айтуынша, биыл 3 мыңнан астам адамның заңсыз түрде қылмыстық орбитаға тартылуының жолы кесілді. Азаптау фактілерінің саны бірнеше есе азайды. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде азаптауға жол берілген жоқ, суицидтер саны 27%-ға қысқарды, ал сотталғандардың еңбекпен қамтылуы 15%-ға артты.

Есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша белсенді жұмыс жалғастырылды. Қылмыстық есірткі кірістерін бұғаттау алгоритмін іске асыру басталды. Нәтижесінде жалпы сомасы 2,6 млрд теңгені құрайтын 195 мыңнан астам «дропперлік» шот бұғатталды, сондай-ақ прокурорлардың бастамасымен тергеп-тексеру шеңберінде 9 млрд теңгеден астам қаражатқа тыйым салынды.

Жалпы алғанда, соңғы екі жылда заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмыстарының нәтижесінде мемлекетке 1 трлн 36 млрд теңге көлемінде ақшалай қаражат пен мүлік қайтарылды. Осы қаражат есебінен еліміздің барлық өңірлерінде 434 әлеуметтік нысан салынды. Қазіргі таңда 150-ден астам нысанның құрылысы аяқталды, оның ішінде 99-ы – медициналық мекеме, 48-і – сумен жабдықтау объектісі, 2-еуі – спорт нысаны және 2-еуі – білім беру объектісі. Олигополия субъектілерімен жалпы сомасы 5,2 трлн теңгені құрайтын инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыру жөнінде келісімдер жасалды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT