Мақала арқылы туысымыздың барын білдік

2018 жылдың мамыр айының соңғы күндерінің бірінде «Дендер» газетіне Төремұратов Есенияз ағаның «Ертеде Тума деген ауыл болған» деген мақаласы жарық көрді.

Тума деген таныс атау. Ертеректе әкемнің Тумада тудым дегенін естіп едім. Сол оймен мақаланы оқып шықтым. Онда үйленбеген бес боздақтың соғысқа алынып, 1943 жылы хабарсыз кеткені жазылған екен. Біреуі Қизатов Қайырлы 1915 жылы туған, менің әкем Қизатов Кенжеғалидың (Кенжес) туған ағасы болып шықты. Біз бұл адамнан мүлдем хабарсыз едік. Қарасұлу деген әжеміз болыпты.

Қизатов Қайырлы, қатардағы жауынгер, 1915 жылы Тумада туған. Әскерге Есбол АӘК арқылы шақырылған. 1943 жылы хабарсыз кеткен. "Боздақтар" кітабы, 1996 жылы 183 – бет). Ал әкеміз Қизатов Кенжеғали (Кенжес) 1921 жылы туған. Соғысқа 1942 жылы маусым айында Есбол АӘК арқылы алынды. Үш ай әскерге дайындықтан өтіп, Сталинград түбіндегі соғысқа қатысқан. 1944 жылдың қыркүйек айына дейін соғыста болып, ауыр жарақат алып, госпитальда емделіп, 1945 жылдың 20 қаңтар айында жарақатына байланысты елге қайтты. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін "Қызыл жұлдыз" орденімен және бірнеше медаль – ордендермен марапатталған. Ұзақ жыл Индер борат руднигінде тауда амональный (тау аттыру құралдарының) қоймасында, қарумен тұратын күзет бөлімінде жұмыс жасады. 1951 жылы 1926 жылы туған анамыз Ерсұлтанова Қамашпен бас қосып, дүниеге екі қыз, үш ұл әкеліп, мағыналы ғұмыр кешті. Жалпы әкеміз көп сөйлемейтін, өте момын жуас адам еді. 1987 жылы дүниеден озды. Кезінде соғыс жөнінде сұрасақ, оны сұрамай-ақ қойыңдар, біздің көргенімізді сендер көрмеңдер дейтін. Тату- тәтті өмір сүрдік.

Өкінішке орай ағамыз Қизатов Болат өмірден ерте кетті. Бәріміз отбасылымыз. Кенжестің ұрпақтары жайылған сегіз немере, он бес жиендері бар. Ендігі ойымыз, хабарсыз кеткен атамыздың жерленген жерін білсек дейміз. Осы жасқа келгенше Қайырлы деген көкеміз, Қарасұлу деген әжеміз барын білмеппіз. Оны тауып берген Есенияз ағаға, «Дендер» газетінің ұжымына алғысымыз шексіз. Есенияз ағамыздың естелігі болмағанда мұны білместен өмірден өтуіміз әбден мүмкін ғой. Ол кісіге отбасының амандығын, деніне саулық, немере-шөберенің қызығын көру жазсын. Әкеміздің көзін көрген ағалар аман болсын.

Бейсен, Бейбіт Қизатовтар,

Индербор кентінің тұрғындары.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521