Халықаралық жастар және Спорт күніне орай «Мәңгілік елдің ертеңі» атты мерекелік шара "Жеңіс" саябағында ұйымдастырылды.
Көгі көбейген әсем саябаққа әуезді әннің әсерімен кешкілік жиылған жастарды аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов құттықтады.
-Еліміздегі «Дипломмен-ауылға», «Жасыл ел» сынды жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар ауданда да игі жалғасын табуда. Ауданда түрлі спорт алаңдары пайдалануға беріліп, спортшыларға кең қолдаулар жасалуда. Нәтижесінде саламатты өмір салтына бастайтын спорттың бұқаралығы артуда әріспортпен шыңдалған саңлақтарымыз үлкен ареналарда ауданның абыройын асқақтатып, өскелең ұрпаққа үлгі болуда, - дей келе,әкім орынбасары Д.Шамұратов ауданда еселі еңбек етіп жүрген жастардың бір тобын аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Бұл мәртебені Елтай мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, «Жас отбасылар» байқауының жеңімпазы Сабыржан Қабдолов, «Индер-Мәдениет» МКҚК маманы, «Ақ Жайық» халық театрының актері, облыстық, аймақтық байқаулардың жеңімпазы Айдос Тәженов, Маңғыстау энергетикалық колледжінің 2-курс студенті, мәдени шаралардың белсенді қатысушысы Шыңғысхан Қабдысалемов, Қ.Абақанов атындағы мектептің мұғалімі, түрлі спорттық ойындардан өткен аудандық спартакиаданың қатысушысы, «Жас Отан» жастар қанатының белсенді мүшесі Эльдар Ибатов, Жарсуат балалар саз мектебінің мұғалімі, көптеген ән фестиваль, байқаулардың жүлделі орындарының иесі Ұлықбек Жүнісқалиев, Н.Жантурин атындағы Атырау облыстық филармониясының «Ара-Атырау» сатира театрының әртісі, Бауыржан FEST-2 халықаралық әзіл фестивалінің дипломанты Ринат Сейтешов, Бөдене ауылдық округі әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі маманы Сәбит Мамаев иемденді.
Сонымен қатар ауданның спорт саласында биік межелерден көрініп жүрген бір топ спортшы жастар да аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды. Олардың арасында панкратион, грэплинг, грэплинг сынды жауынгерлік спорт түрлерінің Қазақстан чемпионы, Ресейдің Сочи қаласында өткен әлем чемпионатында панкратионнан күміс, Қытайдың Харбин қаласында өткен жекпе-жектен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Ақбөбек Ерғалиева, Есбол орта мектебінің дене тәрбиесі пәні мұғалімі, «Үздік дене тәрбиесі пәні мұғалімі-2018» байқауының, аудандық педагогикалық оқулардың жүлдегері Дастан Құрақов бар. Айтқандай, Дастанның шәкірттері шахматтан мектеп және колледж оқушыларының арасында облыстық спартакиаданың жүлдегері атанып жүр.
Сондай-ақ, облыстық «Ақпараттық-талдау орталығының» аудандағы діни бірлестіктермен жұмыс орталығының үйлестірушісі Қымбат Кәрім аталмыш орталықтың қолдауымен өткен «Салт пен дәстүр – ұлттың тірегі» атты аудандық жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттады.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, сахнада Аяжан Қаюпова, Раушан Иманбаева, Айгерім Нығыметова, Айдана Қапашева, Алтынбек Тұрашев, Арайлым Тілегенова, Ұлықбек Жүнісқалиев,«Жас буын» жайдарман тобы көпшілікті өнерімен тәнті етті.
Сонымен қатар саябақта орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Спорт - өмір серігі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде атақты палуан Қажымұқанның 135 жылдығына орай кітаптар мен құнды мәліметтер және Қазақ олимпиадашыларына, Атырау футболы мен басқа да спорт саңлақтарына арналған кітаптар орын алған екен. Оны жиналған көрермендерге кітапханашы Гүлзина Азанова таныстырды.
Мерекелік шара одан әрмен жастардың би кешіне ұласты.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ