Ұлттық Құрылтай мүшесі, мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Ұлттық Құрылтай туралы өз ойын айтты.
"Қоғам бұл Құрылтайдан үлкен үміт күтеді. Өзім де осы Құрылтайдың мәдениет, өнер және руханият сексиясының мүшесі ретінде нақты ұсыныстарымды бердім. Айталық, ақпараттық қауіпсіздік, жастардың тәрбиесіне қатысты ойларым бар.Құрылтай қарсаңында Астанада өткен басқосуда біртұтас ұлттық тәрбиеге қатысты оқу-ағарту министрі өзінің тұжырымдамаларын берген. 1 қыркүйектен бастап ол жүзеге аса бастады. Білім жүйесіндегі осының артық кем тұстарын, ұрпақ тәрбиесіндегі, ұлт тәрбиесіндегі кемшіліктері талқыланады" - деді мәжіліс депутаты.
Жанарбек Әшімжанның айтуынша, Құрылтай қоғам алдындағы өзінің тарихи миссиясын орындап отыр. Өйткені Ұлттық Құрылтай қоғамда қордаланған әртүрлі проблемалардың шешім алаңы. Бұған дейін Құрылтай мінберінде көтерілген проблемалар негізінде қырықтан астам нақты бағыттар айқындалып шешімін тапқан. Осының өзі Құрылтайдың нақты шешімі. Одан бөлек, оншақты заң жобасы осы Ұлттық Құрылтайда көтеріліп, шешім қабылданыпты.