Индербор кенті аумағы жыл сайын кеңейіп келуіне орай қоғамдық көліктер шығарылмақ.
Қыстың сақырлаған сары аязы мен көктемгі-күзгі лайсаңдарда 4 мөлтек ауданы бар кенттің бір шетінен екінші қиырына жаяу жету тұрғындарға, әсіресе балаларға қиынға соғатын. Оның үстіне шет жақтарға қашықтығына байланысты таксистер бара бермесе, апарғанның өзінде жолақысын қымбат сұрайды. Ал орталықтың өзінде балаларға тоқтамай кететін жайлар жиі кездеседі. Сондықтан тұрғындары кентішілік жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мәселесін көтерген болатын. Бұл жөнінде:
- Бұйырса каңтар айы ішінде билет құны 50 теңгеден 2 қоғамдық көлік шығарамыз деп отырмыз. Оның бірі Болашақ-Шығыс-Барлаушы-Орталық-Көктем, енді бірі кері бағытты Көктем-Орталық-Барлаушы-Шығыс-Болашақ мөлтек аудандарын қамтитын болады. Қазіргі таңда касіпкерлермен байланыс жасалып, келісімшартқа отырудамыз, - дейді кент әкімінің орынбасары Олжас Хасанов.
«Дендер»-Ақпарат
Сурет әлеуметтік желіден алынды