TRACIT халықаралық үкіметтік емес ұйымы (Заңсыз саудаға қарсы іс-қимыл жөніндегі трансұлттық альянс) Алматыда өткен баспасөз конференциясында Қазақстан мен Орталық Азиядағы заңсыз сауда (контрабанда және контрафакт) мәселесі бойынша өзінің алғашқы есебін ұсынды.
Ұйым сарапшылары Орталық Азия елдері алдында, атап айтқанда, жақын көршілерімен өте тығыз экономикалық байланысы бар Қазақстан алдында туындайтын жаңа экономикалық сын-тегеуріндерді талдап, айтып берді. ДСҰ мен ЕАЭО-ға мүшелікпен қатар, ел «Бір белдеу, бір жол» жобасының жерүсті инфрақұрылымындағы маңызды буын болып табылады. Елге осы жобалар аясында өзара іс-қимыл жасауға жол ашатын жаңа мүмкіндіктермен қатар, заңсыз сауданың өсуіне әкелетін қауіптер де артып келеді. Елге заңсыз әкелінген тауарлар көп жағдайда FMCG сегментінен: темекі, алкоголь, азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек және аксессуарлар, сондай-ақ ЖЖМ. Мұнда темекі мен алкоголь, сондай-ақ дәрі-дәрмектер жетекші орын алады. Сұйытылған мұнай газының контрабандасы да өсуде, бұл бірқатар экономикалық факторларға байланысты. Бекіре тұқымдас балықтардың да, олардың құнды уылдырықтарының да көлеңкелі айналымына байланысты заңсыз аулануы үлкен алаңдаушылық тудырып отыр.
Заңсыз сауданың дамуына ықпал ететін факторлар талданды: бұл, атап айтқанда, қорғалмаған шекаралар, бейресми «сұр» экономиканың орасан зор көлемі, реттеуші және құқық қорғау жүйелеріндегі кемшіліктер, сыбайлас жемқорлық, айыппұлдар мен көлеңкелі схемаларды тежеу жөніндегі шаралардың жеткіліксіздігі, «қарақшылық» контенттің орасан зор көлемі. Бұған Орталық Азия елдеріндегі зияткерлік меншікке деген құрмет деңгейінің төмендігі де кіреді.
TRACIT сарапшылары заңсыз саудаға тиімді қарсы тұру үшін Қазақстанға сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске және контрабанда мен контрафактіге қарсы іс-қимылды жетілдіруге ықпал ететін бірқатар шараларды іске асыру, сондай-ақ халықтың және негізгі ойыншылардың адал және ашық сауданың маңыздылығы туралы хабардарлығын жүйелі түрде арттыру қажет екенін атап өтті.
TRACIT сарапшылары өз есебінде бірқатар нақты нұсқаулар берді. Мысалы, сарапшылар мемлекетке заңсыз саудаға қарсы күрес жөніндегі бірыңғай ведомствоаралық үйлестіруші қажет деп санайды. Жеке секторды ынтымақтастыққа шақыра отырып, дәйекті салық саясатын жүргізу маңызды. Шекараларды контрабандадан қорғауды жақсарту үшін TRACIT «транзитті үзу» немесе жалған транзит деп аталатын схемаларды жою арқылы көрші мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты күшейтуді ұсынады. Құқық қолдану саласында да өзгерістер қажет: контрабанда үшін қылмыстық жазаны қатаңдату және ұлттық деңгейде ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажет.
Сарапшылар акциздердің үнемі өсуіне байланысты темекі контрабандасы қарқынды дамып келе жатқанын хабарлады. TRACIT саясат жөніндегі аға кеңесші Эстебан Джудичи атап өткендей, ұйымның мәліметтері бойынша, заңсыз темекінің негізгі көзі – БАӘ-дегі зауыттар мен фабрикалар. Мұндай өнімдердің нарықтағы өсіп келе жатқан үлесі алаңдаушылық тудырады. Қазақстанда темекі өнімдерінің ішкі нарықтағы заңсыз саудасының үлесі, Үкіметтің мәліметі бойынша, 2020 жылы небәрі 1,6 пайызды құрады, бірақ аналитикалық топтардың есептері оның 2021-22 жылдары шамамен 3-6 пайызға жеткенін және өсуін жалғастырып келе жатқанын көрсетеді. Бұл ретте Қазақстан Беларусь және Қырғызстанмен қатар Ресейге және одан әрі Еуропа елдеріне темекі контрабандасының транзиттік пункті болып табылады. Бұған себеп – темекінің салыстырмалы түрде төмен бағасы, шекарадан өтудің жеңілдетілген процедурасы және жеке пайдалану үшін мемлекеттер арасында темекі тасымалдауға тыйымның жоқтығы.
Контрабандалық және контрафактілік дәрі-дәрмектер нарығының ауқымы да сарапшыларды ерекше алаңдатады. Сонау 2016 жылы «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ Басқарма төрағасы Қазақстан нарығында сатылатын дәрі-дәрмектердің 70%-ға жуығы лицензиясыз немесе контрафактілі өнім екенін мәлімдеген болатын. Өкінішке қарай, сол уақыттан бері көп нәрсе өзгерген жоқ. Айта кетейік, «Қазақстанның ашықтығы» ҚҚ есебіне сәйкес, Қазақстан ДСҰ-ға ұсынған деректерге сәйкес, 2013 жылдан 2017 жылға дейін Қазақстанға импортталатын өнім көлемінің төмендеуі байқалды, ал ЕАЭО бойынша әріптес елдердің есебі қарама-қарсы статистика келтіреді: ол бойынша Қазақстанға экспортталатын тауарлар көлемі жыл сайын өсіп отырған. Бұл ретте, фармацевтикалық өнімдер осы рейтингте екінші орынға ие болды, бұл дәрі-дәрмектердің көлеңкелі нарығының үлкен көлемін айқын көрсетеді.
Пестицидтер – бүкіл Орталық Азияда кеңінен сатылатын тағы бір тауар, бұл ретте бұл өнімнің өсіп келе жатқан пайызы заңсыз тіркеледі және жиі жалған болып саналады. CropLife International, ЭЫДҰ, EUIPO, IDSF және FICCI ұсынған мәліметтерге сәйкес, Орталық Азияда сатылатын барлық пестицидтердің төрттен бір бөлігі жалған болып табылады. Заңсыз пестицидтермен байланысты тәуекелдердің маңызы өте зор және ауылшаруашылық өнімдерінің сапасына және ауылшаруашылық жерлерінің жағдайына тікелей қауіп төндіреді. Қазақстанға контрафактілік пестицидтердің негізгі жеткізушісі - Қытай болып отыр. Өз кезегінде, контрафактілік тұқымдарды жеткізу бағыты Ресейден Қазақстанға дейін созылады, содан кейін көрші елдерге таралады. Қазақстанның кейбір өңірлері мен қалалары жоғары тәуекел аймақтары ретінде айқындалған – соның ішінде Алматы және Алматы облысы, Шымкент, Сарыағаш, Жамбыл, Павлодар және Қостанай облыстары. Заңсыз жеткізушілер негізінен OLX жеке хабарландыру платформасын пайдаланады, сонымен қатар WhatsApp, Telegram, Ozon және т.б. байланыс арналары арқылы фермерлер мен тұтынушылармен байланысады. 2022 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде Қазақстанда осындай контрафактілік өнімнің 2000 килограмнан астамы тәркіленді, бірақ сарапшылар бұл теңіздегі тамшы деп есептейді.
"Орталық Азиядағы заңсыз сауда кешенді тәсілді талап етеді. Жан-жақты әсер ету арқылы, жеке сектор мен мемлекет бұл мәселені шеше алады", - дейді сарапшылар.
Анықтама: TRACIT (Заңсыз саудаға қарсы трансұлттық альянс) – бұл заңсыз саудамен күресу үшін құрылған ірі халықаралық компаниялар мен ұлтаралық салалық қауымдастықтардың альянсы. Бірлестік құқық қолданудың мемлекеттік тетіктерін нығайту, сондай-ақ өнеркәсіптің барлық саласында жеткізілім тізбегін бақылауды интеграциялауды қамтамасыз ету арқылы заңсыз сауданың экономикалық және әлеуметтік залалын жұмсартуға бағытталған жеке сектордың бастамасын іске асырады.
Доктор Эстебан Джудичи халықаралық құқық және қылмыстық сот төрелігі саласындағы құқықтық және саяси талдауға, зерттеулерге, оқытуға және жобаларды басқаруға маманданған. Ол сондай-ақ заңсыз саудаға қарсы іс-қимыл жөніндегі сектораралық саясатты әзірлеуге бағытталған жобаны іске асыруда Euromonitor International-ға сараптамалық кеңес береді.