Үкімет микро және шағын бизнесті қолдау шараларын талқылайды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысы өтіп, онда микро және шағын бизнесті қолдау шаралары талқыға салынады. 

Отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясына Премьер-министрің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, ️ Қаржы министрі Мәди Такиев; «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы, директорлар кеңесінің мүшесі Рустам Қарағойшин қатысып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап береді.

Айта кетейік, Президенттің шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру – Үкіметтің басым бағыттарының бірі. Бүгінде әрбір бесінші қазақстандық бизнес саласында жұмыс істейді, шағын және орта кәсіпкерліктің экономикадағы жалпы қосылған құнының үлесі қазірдің өзінде 40 пайызға (39,8%) жақындады.

Қазіргі уақытта барлық кәсіпкерлік субъектісінің 99,9 пайызы – микро және шағын компаниялар. Олар экономиканың «тірі тінін» қалыптастырады және 4,4 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Бұл бір жыл бұрынғы деңгейден 3,9%-ға артық, яғни бір жыл ішінде секторда ондаған мың жаңа жұмыс орны пайда болды деген сөз. ШОБ еліміздегі барлық экономикалық белсенді халықтың жартысына жуығын құрайды – 45,5%.

 Елде бизнесті реттеу қайта іске қосылып жатыр. «Таза парақтан» реттеу қағидаты бойынша талаптар қайта қаралады, ескірген нормалар алынып тасталады және мемлекеттік бақылау жүйесі жаңартылады. Нәтижесінде елімізде бизнесті жүргізу үшін жағдайлар айтарлықтай жеңілдетіледі.

 Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Үкімет отырысында 2025 жылғы қаңтар-қараша айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің дерегінше, биыл қаңтар-қазанда сыртқы сауда айналымы 116,3 млрд долларды құрады. Тауарлар экспорты 64,6 млрд доллар, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты 23,3 млрд доллар болды.

Тауарлардың импорты 51,7 млрд долларға жетті. 12,9 млрд доллардан аса көлемде оң сауда балансы сақталды. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсу көлік жасау өндірісінің 11,6 пайызға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 15,2 және электр жабдықтарын жасаудың 16,7 пайызға өсімі есебінен қамтамасыз етілді. Тамақ өнімдерін өндіру – 8,7, сусындар өндіру – 9,2, химия өнеркәсібі – 8,1, мұнай өңдеу өнімдері – 6,5, металл бұйымдары – 12,8, құрылыс материалдары 7,1 пайызға ұлғайды. Тау-кен өнеркәсібі 9,7 пайызға ұлғайып, әлі де жоғары өсу қарқынын сақтап отыр. Бұл мұнай өндірудің - 14,1, табиғи газ өндірудің - 16,7 және көмір өндірудің 9,7 пайыз артуымен байланысты. Бұл ретте металл кендерін өндіру 0,6 пайызға қысқарды.

- Экономика тұрақты өсу қарқынын көрсетуде. Биылғы қаңтар-қарашаның қорытындысы бойынша экономиканың өсімі 6,4 пайызды құрады. Нақты сектордағы өсім 8,3 пайыз болды және қызмет көрсету өндірісінің 5,3 пайызға өсуінен жоғары болып қалыптасты. Негізгі драйверлер – көлік қызметтері, құрылыс және тау-кен өнеркәсібі. Сауда - 8,8, ауыл шаруашылығы - 6,1, өңдеу өнеркәсібі 5,9 пайызға өсті, - деді ол. Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық қордан қанша қаражат алынғанын айтты.

- Қаңтар-қарашада бюджеттік трансферттер аясында Ұлттық қордан 7,8 млрд доллар, ал алтын сатып алуды теңестіру 6,4 млрд доллар болды. Қабылдаған шаралардың нәтижесінде валюта нарығында теңгерім сақталды, - деді ол. Ал Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков 11 айда өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында өсім 5,9 пайызды құрағанын атап өтті. - 11 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында оң динамика байқалып, өсім 5,9 пайызды құрады. Өндіріс көрсеткіштері металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі, жеңіл өнеркәсіп және басқа да өңдеу өнеркәсібі салаларында өсті. Металлургия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі алтын, мыс, болат және шойын өндірісінің ұлғаюына байланысты 1,1 пайызға артты. Оң динамика көбінесе отандық өндірістік қуаттардың жүктемесін арттыру, өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуді жақсарту бойынша қабылданған шаралардың нәтижесі саналады, - деді вице-министр.

Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің мәліметінше, мемлекеттік бюджет кірістері 21,9 трлн теңгені немесе жоспарға 100,1 пайызды құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,9 трлн теңге өсім көрсетті. Республикалық бюджет кірістері 13,6 трлн теңгеге жетіп, өсім 1,8 трлн теңгені құрады, 98 пайыз атқарылды. Жергілікті бюджет түсімдердің тұрақты серпінін қамтамасыз етті. 11 айда 384 млрд теңгеден асыра орындалып, 8,2 трлн теңге болды. - Әлемдік мұнай бағасының өткен жылмен салыстырғанда 12 АҚШ долларына және болжамды деңгейден 5,4 долларға төмендеуі, экспорттың 3,8 пайызға қысқаруы ірі кәсіпорындардан түсетін салық түсімдерінің 37 пайызға азаюына әкеп соқты. Осы сыртқы факторларға қарамастан, кірістер параметрінің тұрақтылығы сақталуда және атқарылуын болжауға мүмкіндік береді. Осылайша барлық мемлекеттік міндеттемелер — әлеуметтік төлемдер, жалақылар, өңірлерге трансферттер, даму бағдарламалары атқарылатын болады, - деді Мәди Тәкиев. Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың айтуынша, осы жылдың 11 айының қорытындысында «Көлік және қоймалау» саласы бойынша нақты көлем индексі 120,3 пайыз болды. Саланың өсім қарқынына жүк тасымалының жалпы көлемінің артуы әсер етті.

Атап айтқанда, жүк тасымалы 1 млрд 57 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1 пайызға өсті. Автомобиль көлігімен жүк тасымалы - 2,2, құбыржол көлігімен - 15,4, сондай-ақ теміржол көлігімен 7,7 пайызға артты. Барлық көлік түрі бойынша жолаушылар тасымалы 11,9 пайызға өсіп, 1 млрд 764 млн жолаушы болды. Тасымал көлемінің негізгі көрсеткіштерінің басым бөлігі бойынша өсім байқалады. Импорттың төмендеуінен Өзбекстандағы газ құю станцияларының жұмысына шектеу енгізілді Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов 11 айда мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 114,1 пайыз болғанын айтады. Осы уақытта мұнай экспорты 73,4 млн тоннаға жетті. - Есепті кезеңде 62,8 млрд текше метр газ өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116,7%.

Биылғы 62,8 млрд текше метр көлеміндегі газ өндіру жоспары да орындалды. Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 2,8 млн тонна немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,8%. Ел аумағы арқылы газ транзитінің көлемі 64,5 млрд текше метр болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің 100,9%-ы, - деді Сұңғат Есімханов. Отырысты қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов қолөнер, былғары, сүт өңдеумен айналысатын кәсіпкерлерді қолдауды тапсырды. - Жергілікті өндіріс пен шикізатты қайта өңдеуді ынталандыру, қолөнер, былғары, сүт өнімдері және басқа да салаларды кеңейту шараларын қамтыған жөн. Ол үшін әкімдіктер өңірдің әлеуеті мен қажеттіліктерін негізге ала отырып, басым бағыттардың тізбесін айқындауы қажет. Аталған шараларды іске асыру кәсіпкерлерге тікелей қолдау көрсетуге, халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және шағын бизнестің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл орайда, әсіресе ауылдық жерлер мен шағын қалалардағы жобаларға баса көңіл бөлу керек, - деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар ол бюджет есебінен іске асатын жобаларды келісімшартта көрсетілген соманың көлемінде ғана қаржыландыруды жүктеді.

- Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне өз міндеттемелерінің орындалуына талдау жасап, үнемделген қаражатты неғұрлым басым міндеттерге немесе Үкімет резервіне қайта бағыттауды тапсырамын. Әкімдіктер бюджеттегі артық қаражатты даму бюджетін кеңейтуге пайдалана алады. Бұл ретте бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жобалардың қымбаттауына жол бермей, оларды шарттық сомалары шегінде жүзеге асыруды қамтамасыз етуге тиіс, - деді ол. Үкімет басшысы металлургия өнеркәсібінің қарқыны төмендеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, тиісті сала басшыларына металлургияның орнықты дамуын қамтамасыз етуді тапсырды. - 11 айдың қорытындысы бойынша Жалпы ішкі өнімнің өсімі 6,4% болды.

Жалпы экономикадағы оң көрсеткіштерге қарамастан, сауда және құрылыс салаларында, сондай-ақ көлік қызметтерінде өсімнің біршама баяулап қалғаны байқалады. Металлургия өнеркәсібіндегі өсу қарқыны да төмендеп кеткенін баса айтқым келеді. Бұл сала – экономиканың негізгі тірегі, - деді ол.

 https://kaz.inform.kz/news/ukmet-mikro-zhane-shagin-biznest-koldau-sharalarin-talkilaydi-3f3cfa/

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT