АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда транзиттік әлеуетті дамыту мақсатында жаңа халықаралық көлік дәліздерін ашу жоспарлары бар ма? Бұл сұраққа Көлік министрлігі жауап берді.
- Өзен арқылы тасымалды дамыту мақсатында Ертіс трансшекаралық өзенін пайдалана отырып, «Ресей-Қазақстан-Қытай» мультимодальды транзиттік дәлізін құру жоспарланған. Омбы (Ресей) – Зайсан көлі, Тұғыл кенті (Қазақстан) учаскесінде өзен көлігін, одан әрі Қытайға дейін теміржол немесе автомобиль көлігін пайдалану қарастырылған. Осы мақсаттар үшін Қазақстан аумағында Тұғыл кентінің ауданында көлік-логистикалық орталығы бар өзен портын және 4–ші «Майқапшағай-Зимұнай» теміржол шекара өткелінің ашылуымен «Тұғыл–Майқапшағай» жаңа темір жолын салу, сондай-ақ кеме жасау әрі кеме жөндеу өндірісін жаңғырту жоспарда бар. Жобаны іске асыру кезеңі - 2025–2026 жылдар, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Сонымен қатар елдің транзиттік әлеуетін арттыру мақсатында Транскаспий халықаралық көлік бағытына (ТХКБ) көп көңіл бөлінеді. Бұл ретте, ТХКБ бойындағы Әзербайжан, Грузия және Түркия әріптес елдермен мәселелерді шешу және маршрутты дамыту үшін тиісті жұмыстарды істеп жатыр.
Атап айтқанда, 2023 жылғы 16 қарашада АХҚО базасында Қазақстан, Әзербайжан және Грузия теміржол әкімшіліктері арасында теңгерімді негізде бағдарды пайдалану бойынша БКЛК-ге ұқсас Middle Corridor Multimodal Ltd. бірлескен кәсіпорны құрылды.
Мұнымен қоса, 2022 жылдан бастап Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия арасында орта дәлізді 2027 жылға дейін дамыту жөніндегі жол картасы іске асырылып келеді. Оның шаралары дәліздің өткізу қабілетін жылына 10 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл құжат теміржол учаскелерінде нақты шаралар қабылдауға, теңіз инфрақұрылымын және басқа да логистикалық объектілерді кеңейтуге жауап береді.
- Бұдан бөлек, Қытайдан Еуропаға контейнерлік пойыздарды орта дәліз арқылы жөнелтудің логистикалық процесін автоматтандыру және цифрландыру мақсатында PSA тобының мүшесі – «Global DTC» компаниясы Digital Trade Corridor (DTC) бейтарап мультимодальды цифрлық платформасын әзірледі. Бүгінгі таңда DTC Қазақстан, Әзербайжан, Грузия теміржол жүйелерімен интеграцияланды, сондай-ақ Түркия, Еуропа теміржол әкімшілігімен келіссөздер жалғасып жатыр. Осы шаралардың барлығын толық іске асыру Орта дәлізді халықаралық логистиканың жаңа деңгейіне шығаруға көмектеседі, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Еске салсақ, жақында Үкіметте Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға бағытталған жаңа жобалар дайындалатыны айтылды.