Атырау облысында жыл басынан бері төрт түлікке жоспарлы ветеринариялық тексеріс жүргізілуде. Жоспар бойынша облыс аумағында 1 056 793 бас малдан қан сынамасы алынуы тиіс. Бұл туралы облыстық Ауыл шығармашылығы басқармасының бас маманы Мөлдір Ирбатырова мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгінге дейін жоспардың негізгі бөлігі орындалып, 935 063 бас ауыл шаруашылығы жануары тексерілді. Зерттеу нәтижесінде ірі қара малдың 240 басы, ұсақ малдың 275 басы және 3 түйеден бруцеллез анықталған.
⁃ Төрт түлік арасындағы бруцеллезге шалдығу былтырға қарағанда азайды. Ауру малдар заң талаптарына сәйкес қайта өңдеу өнеркәсіптеріне өткізілді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде мал иелеріне жергілікті бюджет есебінен он бес миллион теңге көлемінде өтемақы төленеді. Қолданыстағы ережеге сәйкес өңдеуге өткізілген ет өнімдері құнының 30 пайызы жергілікті бюджеттен, ал 70 пайызы қайта өңдеу кәсіпорындарының қаржысы есебінен төленеді, - деді М. Ирбатырова.
Ветеринария саласының мамандары тұрғындарға малды дер кезінде ветеринариялық тексеруден өткізіп, инфекциялық аурулардың алдын алу шараларын қатаң сақтау қажеттігін еске салады.
                                    
            
    
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
