Бұл туралы аймақ басшысы Серік Шәпкенов спорттық инфрақұрылымды дамыту және бұқаралық спортты ілгерілету мәселелеріне арналған Үкімет отырысында айтты.

Бүгінде өңірде 800 спорт нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында 8 стадион, 53 спорт кешені, 702 спорт алаңы, 50 метрлік олимпиадалық бассейн, «Атырау» спорт сарайы, теннис орталығы және мұз сарайы сынды ірі нысандар бар. Бұған қоса, 17 жеке спорт нысаны халық игілігіне қызмет көрсетіп келеді.

Жыл аяғына дейін облыстың 68 ауылдық округінің 70 пайызы спорт нысандарымен қамтылмақ. Ал алдағы екі жыл ішінде барлық ауылдық округ спорттық инфрақұрылыммен толықтай қамтамасыз етіледі.

Қазір облыс аумағында 29 спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Оның 7-еуі пайдалануға берілді, тағы 6-ауының құрылысы жыл аяғына дейін бітеді. Қалған 16 нысанды келесі жылы тапсыру жоспарланған. Атырау қаласы мен ауылдық аудандарда демеушілердің есебінен 4 спорт нысаны салынып жатыр. Олардың қатарында мамандандырылған волейбол және баскетбол орталықтары, сондай-ақ Мұқыр және Кудряшов ауылдарындағы спорт кешендері бар.
Жобаларды іске асыру нәтижесінде халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 62 пайыздан 70 пайызға жетпек.

Дарынды балаларды қолдау мақсатында Атырау қаласында Олимпиадалық резерв мектебі-интернатының ғимаратын салу жоспарланған. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында алты жыл мерзімде жүзеге асырылады. Оның ішінде 12 ай — құрылыс, ал бес жыл — техникалық пайдалану кезеңі. Кешен құрамында 13 спорт залы, бассейн, оқу корпусы, жатақхана, асхана, кітапхана және басқа да нысандар болады. Мұнда 12 олимпиадалық спорт түрі бойынша 400 спортшы білім алып, жаттыға алады. Құрылыстың 2026 жылғы сәуірде басталады деп күтілуде.
Бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Texol компаниясы жалпы аумағы 19 мың шаршы метрді құрайтын спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын бастады. Мұнда 12 спорт түрімен айналысуға мүмкіндік туады.
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларына сәйкес, Атырау облысында халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін ірі спорттық жобалар іске асырылмақ. Олардың қатарында:
• Ұлттық ат спорты кешені (ипподром),
• 12 мың орындық EURO-IV санатындағы футбол стадионы,
• көпбейінді «Atyrau Arena» спорт кешені бар.
Қазіргі уақытта осы нысандар бойынша жобалау жұмыстары аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өту кезеңі жүріп жатыр. Құрылысты келесі жылы бастау жоспарланған.
Жалпы алғанда, Атырау облысында халықтың дене шынықтырумен жүйелі түрде шұғылдану деңгейі 45,1 пайызды құрайды, жыл аяғына дейін көрсеткіш 46 пайызға жетеді деп күтілуде.

                                    
            
    
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
