Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова Атырауда еліміздегі ана мен бала өлімі тақырыбына арналған жиын өткізді.
«Ана мен бала өлімінің деңгейі – ел медицинасының дамуын сипаттайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Бұл көрсеткіштер мемлекеттегі өмір сүру деңгейі мен халықаралық рейтингтерде де көрсетіледі. Қазақстанда бұл көрсеткіштер бұрыннан өсіп келе жатқанымен, соңғы уақытта асқан жылдамдықпен өсе бастады. Біз әрбір әйел мен сәби үшін күресуіміз керек», - деді С. Тұрсынбекова.
Кандидат ranking.kz деректеріне сілтеме жасай отырып, бірнеше цифрларды алға тартты.
Ұлттық жоспарға сәйкес, ана өлімі 2021 жылы 100 мың тірі туғанға шаққанда 35-тен төмен болып, 2025 жылға қарай 10-ға дейін төмендеуі керек. Ал, іс жүзінде 2021 жылы бұл көрсеткіш 44,7 болды. Атырау облысында ана өлімінің нақты көрсеткіші күтілгеннен үш есеге жоғары болды.
«Соңғы уақытта балалар өлімі бойынша нәтижелер де көңіл көншітпейді. Жыл соңына дейін Қазақстанда нәресте өлімі 1000 тірі туғанға шаққанда 7,6-ға дейін төмендеуі керек еді. Алайда, көрсеткіш керісінше республика бойынша орта есеппен 8,44-ке дейін өсті», - деді спикер.
Нәресте өлімінің жиі кездесетін себептері перинаталдық кезеңде туындайтын жағдайлар (932 нәресте), туа біткен ауытқулар жиі кездеседі (335 нәресте).Сондай-ақ инфекциялық және паразиттік аурулардың да әсері болады (72 нәресте).
«Ана мен бала өлімінің алдын алуға баса назар аударылуда. Ол үшін қоғамдық ұйымдармен, ғалымдармен, сарапшылармен жаңа шешімдерді талқылау маңызды. Шалғай елді мекендерде еңбек ететін әйелдер үшін қолайлы жағдай жасайтын тиімді инфрақұрылымды құру қажет. Фельдшерлік-акушерлік пунктер мен дәрігерлік амбулаториялардағы медициналық кадрлардың тапшылығы мәселесін шешу, осы салалардағы медициналық жоғары оқу орындарынан мамандарды көптеп шығару – бүгінгі күннің талабы. Мұндай профильдегі дәрігерлерді жақсы ынталандырып отыру керек», - деп атап өтті құқық қорғаушы.
Салтанат Тұрсынбекова штабының
Баспасөз-хатшылығы
Кандидат ана мен бала өлімі тақырыбын көтерді
- Информация о материале
- Автор: Дендер
- Категория: Аудан тынысы
- Read Time: 1 min
- 303