Көжені қалай дайындап жүрміз?

Наурыз көже - Ұлыстың ұлы күніндегі басты тағамы, тоқшылық пен ырыс құттың жоралғысы. Наурыз көжеге әдетте жеті түрлі дәм қосылады. Ал 7 саны түркі халықтарының ұғымында қасиетті сан. Әрине наурыз көжеге қосылатын дәм түрлерін сараласақ, еліміздің әр өңірі әртүрлі дайындайды. Немесе әркім жағдайына қарай қолындағы барымен дайындай береді.

Наурыз мерекесін діни астары бар деген желеумен Кеңестік империя кезінде тыйым салғаны белгілі. Өкінішке орай, оның зардабынан өңірімізде наурыз көже дайындау да ұмытыла жаздағандай еді. Абырой болғанда Тәуелсіздіктің таңы атар тұсы 1989 жылы Наурыз тойы қайта тойланып, наурыз көжеге де мән беріле бастады. Бүгінде ұлық мерекеде бәріміз де наурыз көжеден дәм татып жүрміз. Ет пен май қосатындығы болмаса кәдеуілгі көжелерден көп айырмашылық байқалмайтындай көрінеді. Ал сонау жылдары Қарақалпақстаннан оралған Қоспанова Гүлара Тоғызбайқызының айтуынша, біздің Атырау өңіріндегі наурыз көжеге толық мән бермейтінін айтады.


-Асылайық айтқан болмайын, Наурыз мерекелерінде куә болып жүрмін бұл өңірдің наурыз көжелерінің дәмі жоқ. Бұл жерде кәдеуілгі көжедей тары мен күрішті көрем. Еттен бөлек майды да көп салады екен. Мүмкін сондықтан да болар көпшілік наурыз көжені тауысып іше бермейтінін байқаймын. Дәм ерекшелігімен біздің жақтың көжелерімен салыстыруға келмейді. Қарақалпақ елінде наурыз көже пісіру дәстүрі әуелден жақсы қалыптасқан. Әрбір отанасы Ұлыстың ұлы күнінде наурыз көже дайындауды міндетім деп санайды. Жылдың басы Наурызды көжесіз қарсы алмайды, -дейді Гүлара Тоғызбайқызы.

nauryzzzz
Сондықтан да кейіпкеріміз наурыз көжені дайындауда өзінің әдіс-тәжірибесімен бөлісті.


-Алдымен қазанға су құйып сүр етті қайнатып аламын. Ет пісе келгесін сүйегі болса ажыратып, уақтап тураймын. Көжеге арнайы құйрық май салудың қажеті жоқ. Еттің майы болса жарайды. Сонан соң жүгері саламын. Жүгері ет пісімдей қайнайды. Ол балықтың көзіндей кішкене домалақ дәм. Ал мұнда жүгері деп кукурузды айтады екен. Оны Атырау өңірінде болмағасын Бейнеу, Ақтау жағынан арнайы алдыртып жүрдім. Мұнда горох деп орысша айтатын тағамды біз наурыз көжеге қосамыз. Бізде оны лобия деп горохтың ақ түрін атайды. Оны көжеге алдымен қосады. Ал жасыл түрін мәш дейді, оны көжеге кейін қосады, себебі тез піседі. Арасына мейізді, көже қою шығу үшін күрішті, мөлшерімен тұз да қосылады. Көже әбден пісіп суыған соң айранмен араластырамын. Айранның реті болмай жатса құртты да езіп қосуға болады. Сонымен қатар өзімнің тәжірибемде көженің дәмдірек шығуы үшін сәбіз, картоп, пиязды да қосып жүрмін, - дейді кейіпкеріміз.


Қарақалпақ жерінде негізінен мақташылықпен айналысқандықтан жергілікті халық диханшылық кәсібін жақсы меңгерген екен. Наурыз көжеге қосылар дәмнің бәрін әр отбасы ауласынан егіп өсіреді екен. Қосылатын дәм 7 түрден де көп болады. Жалпы Қарақалпақ жеріндегі қазақтардың дені Кіші жүздің Әлім руынан тарайды. Қазақтың салт-дәстүрін берік сақтайтын көрінеді. Ал Қарақалпақ деп қазақтан ажыратып айтқанымызбен тілі түркі халықтарының ішіндегі ең жақыны. Сондай-ақ Қарақалпақ халқы Қыпшақ, Қоңырат, Кенегес, Қаңлы сынды рулары қазақтікімен бірдей. Әрі олар да қазақ секілді руын таратып айтады.
Гүлара Тоғызбайқызының өзі наурыз көжеге қосатын дәннің бәрін Индер топырағынан өсіріп, шығарып отырады екен. Жылда көрісу басталысымен наурыз көже дайындауды парыз санайды. Қарақалпақтан бірге келген ағайындарға және басқа да Индердегі ағайын, құда-жекжат көрісумен бірге апайдың көжесін ішуге құмар көрінеді.
-Бізде алыстан келген ағайын, құда-жекжаттар болмаса көрісуге келген қонақтар наурыз көжеден ауыз тиіп кете береді. Ағайын, көрші –көлеммен жақсы араласта болады. Мұндағыдай міндетті түрде шәй ішіп отырмайды, - дейді кейіпкеріміз ақжарқын көңілмен.
Гүлара Тоғызбайқызы бүгінде Индердің көп бейінді ауылшаруашылық колледжінде еңбек етеді. Жолдасы Қорғанбай Ұлмағамбетов 2009 жылы дүниеден озған. Қолында ұлы Камал мен келіні Ақжарқыннан тараған немерелері қызығын көріп отыр. Шаңырағында келіндері ата салт-дәстүрімен иіліп сәлем салғанына риза болып қаласың.
Қазақ ырымында наурыз көжені тауысып ішсең жыл бойы тоқшылық болады деседі. Ал тауыспаса реніші қалады деп есептеген. Ендеше, ұлық мерекеде наурыз көжеден дәм татып, келер жылға да аман-есен жете берейік. Ұлыстың Ұлы күні баршамызға құт болғай!


Саламат БАЗАРБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521