Индерлік жас өнертапқыш тамшылатып суару қондырғысын ойлап тапты

Қондырғы суды және минералды тыңайтқыштарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Тамшылатып суару қондырғысын ойлап тапқан жас талант – Индер ауданының Сәкен Сейфуллин атындағы​ орта мектебінің 7 сынып оқушысы Қажымұқан Мұқатов, – деп хабарлайды Атырау облысы білім беру басқармасының баспасөз қызметі.

Менің ойлап тапқан әдісім – суару кезінде суды, тыңайтқыштарды үнемдеуге қолайлы. Тамшылата​ суару, сондай-ақ ағыстық суару​ кезінде қондырғы судың өсімдік тамырына тікелей баруына мүмкіндік жасайды. Мұндай үнем қондырғы қақпақшаларының торы,​ құбырлар, түтіктер көмегімен суды баяу тамшылату нәтижесінде мүмкін болып отыр. Тамшылатып суару әдісі – суды және өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын агрохимиялық заттарды тамырға тікелей әрі біркелкі жеткізу үшін қолданылатын өндірістік әдіс, – дейді өнертапқыш оқушы.

kazhymukan

– Аудандық білім бөліміне қарасты оқушылар шығармашылық орталығының шеберлер үйірмесі оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында құрылған болатын. Міне, соның нәтижесінде талантты балалар өз қабілеттерін шыңдауда. Қажымұқан өте сабырлы әрі аңғарымпаз бала.​ Ол тұрақты әрі белсенді қатысқан соңғы үш жыл аралығында түрлі деңгейдегі сайыстарда бағын сынап, жүлделі орындарды иеленіп жүр, – дейді үйірме жетекшісі Нәсіпқали Өтепқали.

Жас өнертапқыш Қажымұқан Мұқатов та​ жетекшісінің білім беру әдісіне дән риза. Ол - көпбалалы отбасынан шыққан. Ағылшын тілі пәнін ерекше сүйіп оқиды. ​

- Үйірмедегі сабақтар өте қызық өтетін болғандықтан, келесі сабақты тағатсыздана күтемін. ​ Маған түрлі құралдарды ойлап тауып, шығармашылықпен айналысқан ұнайды, – дейді Қажымұқан Мұқатов.

Еске салсақ, әр жыл сайынғы қаңтар айының 17-і бүкіләлемдік өнертапқыш балалар​ күні ретінде айрықша аталып жүр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521