Қазіргі кезде әлемді жаулаған індет ушығып елімізге жеткені бәрімізге белгілі. Сол себепті карантиндік жағдай белгіленіп, қорғаныш іздеп дәріханаға бет бұрғандар бетперде таба алмай әбігерге түсуде. Әрине, бұл жағдайды бірі пайдаға асырам деп бұрындары 15-20 теңге тұратын бетпердені 150-200-ге дейін көтеріп, қолдан келгенді қоныштан басса, енді бірі халықтың қамын ойлап өз еңбегімен тіккендерін айналасындағыларға тегін таратуда.
Сондай ақкөңіл жандардың бірі бөденелік Гүлшара Жұмажанова. Ол Бөдене ауылына 1988 жылы келін болып түсіп жұмыссыз отырған соң тігіншілікпен айналысқан. Содан былтыр ғана ауылда "Бөдене-Мәдениет" үйі іске қосылып жұмысқа орналасыпты.
- Алғаш боп бетперде тігіп, қолжетімді бағамен сатуға бастығым ұсыныс тастаған болатын. Кейін үй ішіммен ақылдасып, қолымыздан келгенше тігіп, тегін тарататын болып шештік. Дұрыс қатты матаны сатып алып, балаларым тігісін келтіріп, үтіктеп беріп көмектесті. 200 дана бетпердені ұжымдастарым мен бар-жоқ деп бөлмей тұрғындарға барымша таратып бердім. Осындай-қиын қыстау кезеңде жерлестеріме бір пайдам тисін дедім. Тіршілікте қу дүниенің артынан қуа бергеннен бір мезгіл жүрекке жылу, мейірім беретін іс жасағаннан артық бақыт жоқ деп ойлаймын. Аты жаман ауру алшақ кетсін бізден, - дейді көптің ризашылығына бөленген жомарт жан.
Айта кетейік, бұндай қамқорлық кентімізде де көрініс тапты. Өйткені, наурыз мерекесі қарсаңында тігіншілер Нұрбек Бағытжанұлы мен Айдана Базарғаиева да 70 данадай бетпердені қолдан тігіп тегін таратқан болатын.
Осы кезеңде жаны жайсаң жандар қасымыздан табылып, жұдырықтай жұмылып, қиындықты біркісідей енсерсек бәрі артта қалып, жеңіп шығарымыз анық.
А.БОКИРОВА