Аудандық шығармашылық мектебінің жас өнертапқыш шәкірттері республикалық жарыста жеңіп шықты.
Олар қосымша білім беру мекемелері арасындағы республикалық әдістемелік орталықтың ұйымдастырған жарысында Атырау облысының намысын қорғаған еді. Радиомен басқарылатан көлік модельдері сайысының мәнерлеп жүргізу бағамы бойынша Ығылман Нұржан І орын алса, оның багги класынан Али Русланов та бәрінен озып шықты.
-Шәкірттерім 3 жылдан бері көлік модельдерін жетілдіріп, шеберліктерін шыңдап келеді. Балалардың қызығушылықтары да өте жақсы. Материалдық базамыз толыққанды болмағанымен мүмкіндігінше жоқтан бар жасап келеміз. Бұл сайыстағы сын сәтте де шәкірттерім өздері жетілдірілген көліктерін түрлі кедергілердің арасынан шапшаң әрі шеберлікпен өте біліп, жеңіске жетті, - дейді шығармашылық мектептің автомодельдеу бағытындағы үйірменің жетекшісі Берікқали Көкшиев.
Сонымен қатар аталмыш мектептің оқу тәрбиесі ісі жөніндегі орынбасары, әрі «Сұңқар» үйірмесінің жетекшісі Асылбек Қоңыровтың шәкірттері Қаршыға Әмірхан әуе модельдері бойынша ІІ орын, Саламат Мейрамбек кеме модельдері сайысынан жүлделі ІІІ орын жеңіп алды.
-Жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен үздік деген 17 команда сынға түскен болатын. Еліміздегі осыншама үздік өнертапқыштар арасынан жеңіп шығу облыс мерейі, әрі ұжымымыз үшін бұрын болмаған тарихи жеңіс. Бұл педагогтар мен тәрбиеленушілердің бірлескен, үйлесімді жұмысының нәтижесі, - деп қуанышымен бөлісті аудандық шығармашылық мектебінің директоры Ералы Сахипов.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.