Қазақстан Республикасының Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің армиямыз – тек әскери күш қана емес, ол – еліміздің берік негізі, халықтың сенімді тірегі» деп атап өткеніндей Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бастап күнтізбеде ел аумағы мен оның тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әскери күштердің – Отан қорғаушылардың кәсіби мерекесі 7 мамыр күні тойланып келеді.
Отан қорғаушылар күніне орай бүгін Индер ауданында кеңінен тойланып, орталық алаңда «Егеменді ел қорғаны – Қарулы күштер» атты алаңдық шара өтті.
Мерекелік шара «Бекзат» би ансамблінің композициялық қойылымымен басталып, одан әрі алаңда М.Әуезов, Ш.Уәлиханов, «Көктем» қазақ орта мектебінің жас сарбаздары сап түзеп шығып, әскери қимылдар көрсетті.
Алаңға жиналған жұртшылықты аудан әкімі Серік Нысанбаев мерейлі мерекемен құттықтап, әскер қатарына шақырылған жас сарбаздар Мерей Серік, Герман Катков, Шыңғыс Жұбандықов, Қуаныш Тельманов пен Бисенбай Әлімге «Аманат хат» табыстады.
Шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тауып, Альбина Мидар «Қазағым қасиетіңнен айналдым», Тимур Нұрмағанбетов «Офицер мырзалар», Мәдина Оспанова «Әлия», Мұратбек Жұмашев «Сарбаздар», Ш.Уәлиханов атындағы мектеп триосы «Жеңіс күні», Әсемгүл Дүйсенғалиева «Тек, алға!», Нағим Сатимов «Туған жер», Олжас Аққалиев «Асау жүрек», «Алға, қазақ жігіттері!» деп әуелете ән салса, «Бекзат» би ансамблі (жетекшісі Гаухар Есімғалиева) «Қазақ биі», «Бойтұмар» (жетекшісі Шолпан Шүкірғалиева) «Бейнелер» әнін мың бұрала билеп, көрерменге көтеріңкі көңіл сыйлады.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері мен Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік шара Астана қаласынан тікелей эфирде өтетін әскери парадты тамашалаумен жалғасты.
Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ
Индер ауданы