Индерде мектепішілік жас ақындар айтысы өтті

М.Әуезов атындағы орта мектепте «Елім дейтін ұланбыз» атты мектепішілік жас ақындар айтысы өткізілді.

Мақсаты – айтыс өнерінің дамуына үлес қосып, насихаттау, жас ақындарға қолдау көрсетіп, шығармашылығын шыңдау және ақындар мектебін жандандыру. Алдымен айтыс сүйер көрерменге мектеп директоры Роза Дәулетова ізгі лебізін білдіріп, додаға түскелі тұрған жас ақындарға сәттілік тіледі. Айтыскерлерге бағыт-бағдар беру мақсатында Қуандық Көргенов пен Жандос Байбақты ұстазы мен шәкіртінің айтысын жасап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Жас ақындар айтысын Малика Мұқашева мен Ақылбек Айтқалиев бастады. Олар өскелең ұрпақтың әлеуметтік желіге тәуелділіктері туралы жырлап өтті. Ал, Айбын Өтеміс пен Айкөркем Төлеудің (суретте) айтысында Айкөркем өзіндік ерекше мақамымен ерекшеленсе, Айбын сахнаға төселгендігін көрсетіп, қос ақын тақырыпты ашуы, сөз саптауымен көптің көңілінен шықты. Доданы одан әрі жалғаған Досмұханбет Сатыбалдиев пен Баян Өтемісованың айтысында Баян қарсыласын «Қаршадайдан топ жарған Бала биге» теңеп, домбырада шебер ойнауларымен есте қалды. Айтыстың соңғы жұбы Ақсұңқар Рашев пен Әсемай Берік құрдастар айтысының үлгісін көрсетті.

Айталық, Ақсұңқар: «Талай айтыстың сен майталманы, Бүгінде сол мәртебең байқалғаны, Шолпы сыйлап берейін бұрымыңа» десе, өз кезегінде Әсемай да: «Шолпысын сыйлап жатыр Ақсұңқаржан, Сыйластық болсын десең ұлқызыңда-айй, Өзімді бағалы жан сезіндім ғой, Хан қызы киген бөрік құндызындай. Сен берген шолпыны тағып алып, Жарқырайын дәл Шолпан жұлдызындай» - деп әдемі сөз өрнегімен жауап берді. Жас ақындардың айтысында жүйріктердің жыр додасына үлкен дайындықпен келгендіктері көрініпақ тұрды.

Сара Тоқтамысова, Балғынбек Имашев, Жансая Мусина секілді айтыс майталмандарының мақамына салып айтысуы, сөз саптауы, домбырада шебер ойнауы, сахна мәдениетіне де тәрбиеленгендіктері, көрерменмен байланысы да көз қуантады. Әр жүйріктің артында ұстаздың еңбегінің тұратыны жасырын емес. Оларды додаға дайындаған Райса Батабиева, Қуандық Көргенов, Маншүк Айткужина, Жанат Мурзина, Гүлшат Сағындықова, Айнұр Турекешоваға мектеп директоры Роза Дәулетова алғысын білдіріп, арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Жас ақындарға әлілқазы мүшелері мен тәуелсіз сарапшылар өз пікірлерін білдіріп, әлі де шеберлікті шыңдай түсу керектігін кеңес етті.

Жыр додасының қорытындысы бойынша Әсемай Берік І орынды еншілесе, Айбын Өтемісов ІІ орын, Баян Өтемісова мен Ақсұңқар Рашев ІІІ орынға ие болып, мектеп директорының атынан арнайы дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар, жеңімпаздарға мектеп директоры өз атынан кітаптар сыйға тартса, қатысушы жас ақындарға сынып жетекшілері арнайы байрақтарды тапсырды.

Жадыра НАРИМАНОВА,

сурет автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521