Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударды. Президент атап өткендей, аграрлық сала – ел экономикасының тірегі әрі халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды бағыт.
Индер ауданында бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып келеді. Қолда бар деректерге сүйенсек, бүгінде ауданда ірі қара – 31 176 бас, қой-ешкі – 101 534 бас, жылқы – 21 148 бас, түйе – 5 511 бас, яғни барлығы 159 369 бас төрт түлік мал өсірілуде. Өткен сегіз айда шаруагерлердің еңбегімен 2945,8 тонна ет пен 1531,5 тонна сүт өндіріліп, тұтынушыларға ұсынылған.
Әрине, мал шаруашылығын өркендету оңай емес. Биылғы жаз қуаңшылықпен өтіп, жем-шөп дайындау жұмыстары қиындағаны белгілі. Осыған байланысты аудан әкімі Серік Нысанбаев бастаған арнайы топ көршілес облыстармен келіссөздер жүргізіп, табиғи шөп жеткізуді ұйымдастырды. Жалпы ауданға қажетті 70 200 тонна мал азығының 52,2 пайызы, яғни 32 мың тоннасы әзірленіп отыр.
Соңғы уақытта ет пен сүт өнімдерінің бағасы көтерілгенімен, бұл ауыл еңбеккерлерінің еңбегін әділ бағалауға, олардың тұрмысын жақсартуға мүмкіндік беруде. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен шаруалардың табанды еңбегі – аудан экономикасын нығайтып, ауыл тіршілігін жандандырудың басты кепілі.
Сұңқар Көшеков
тілші
Индер ауданы