Тамылжыған тамыз айы жотасы биік Дендер халқы үшін оңай болмай отыр. Олай дейтін себебіміз араға апта салып бұршақ аралас нөсер жаңбыр жауып таңқалдырса, кешегі сейсенбіде түс ауа екпіні қатты жаңбыр жауып, іле-шала дауыл тұрып Индербор кентіндегі Ш.Уәлиханов, балалалар спорт мектебіне қарасты еркін күрес залы, «Ботақан» бөбекжайының ойын алаңы, кәсіпкерлік нысандар, орталық көпір жарық шамдары, көше бойына орналасқан лэд экран, телефон, электр желілері зақымданды. Жекелеген тұрғын үйлердің төбе шатыры көкке ұшып тұрғындардың үрейін ұшырды.
- Сағат төрттен кете басталды. Мен жолдасыма телефон соғып айтып жаттым бізде жаңбыр жауып жатыр деп. Бір мезгілде алып күш келгендей болды. Астан-кестенің шығарды ғой. Түсіне алмай қалдық өзіміз. Бір мезгілде «Ақ Жайықтың» шифры келіп тереземе мен төбеме соқты. Бір мезгілде үйден тамшы ақты. Не болды дегенде кішкентай балам біздің шифер ұшып кетті, - деді Индербор кентінің тұрғыны Гүлзада Қазмұқашева.
Аталмыш мәселе бойынша жергілікті билік тиісінше шаралар қабылдауға жұмыстанып жатырғаны белгілі болды. Тосыннан келген апаттың шығындары анықталмақ.
Индер ауданы әкімінің орынбасары Асет Оразғалиевтың айтуынша:
-Ағымдағы жылдың 19 тамызы күні сағат күндізгі 4 шамасында Индербор кентінде қатты дауыл тұрып нөсер жаңбыр болғаны белгілі. Нәтижесінде бірнеше әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің ғимараттарының шатырына зақым келді. Қазіргі таңда аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және аудандық әкімдік тарапынан бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Аудандық төтенше жағдайлар комиссиясы өткізіліп, қорытындысымен қолданыстағы заңнама аясында қажетті жұмыстар жүргізетін боламыз.
Табиғаттың тосын мінезі осылайша дендерліктерді бір сынап алды.
Сұңқар Көшеков