МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ИНДЕРБОР КЕНТІНІҢ Н.МЕҢДІҒАЛИЕВ КӨШЕСІНДЕ ЖАҢА ОРТАЛЫҚ ІСКЕ КІРІСТІ.
Бүгінде әлемнің бірқатар елінде танымал болып үлгерген «Айкуне» жаттығуларын 90-жылдардың соңында павлодарлық қазақ жігіті Абай Баймағамбетов ойлап тапқан екен. Әттеген-айы, сол кезде өз елімізден қолдау таппаған соң, көрші Ресейге барып, алғашқы «Айкуне» орталықтарын сол елде ашып өрістеткен.
«Айкуне» атауы негізі қазақ тіліндегі «Айт көне», кейін «т» әрпі түсіп, «Айкөне» атауынан шыққан. Сауда белгісін алу барысында «Айкуне» деп өзгертіліпті. Автордың айтуынша, бұны гимнастикалық жаттығулар мен өзінің сынықшылық тәжірибесі арқылы өмірге әкелген. Сондықтан «айкунені» ата-бабадан бері жалғасқан қазақ сынықшылық мектебінің туындысы деуге болады. Аудандағы аталмыш орталықтың ашылу барысында жерлесіміз Гауһар Арманқызы сөз алып, Абай Баймағамбетовтың өзін- өзі сауықтырудың инновациялық әдістемесімен Атырау қаласында орталық ашып, 8 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқанын айтып өтті.
– Егер адамның мойын омыртқасында остеохондроз дерті болса, бас ауруына, ал бел омыртқасы ауырса, ішкі құрылысына әсер етеді. Сондықтан да омыртқа мен жұмыс өте маңызды. Бұл әдістің ең басты ерекшелігі адам өзімен өзі жұмыс жасап, жарық (грыжа), протрузия, сколиоз, остеохондроз секілді көптеген дерттерді өзі емдеп шығара алады. Ол - дәлелденген факт. Атырау қаласында ем жүргізген 8 жыл мерзім ішінде 10 мыңнан астам адам емін алып, денсаулығын жақсартты. Бәріне де оң әсерін берді. Осыған дейін бірде-бір адам бұл әдістен зиянын шектім деген емес. Ем жасау әрбір адамның өзіне байланысты. Біздің облыстағы орталыққа аудандардан ем іздеп келіп жатқандар көп. Алайда бірқатарының жататын жері болмай қиналып қалады. Ауылдан Атырауға күнделікті таксимен қатынап ем алып жүргендер де бар. Ал ауданнан ашылып отырған «Айкуне» сау омыртқа орталығы ауыл халқы үшін ыңғайлы болмақ, – деді ол.
Ал ауданда аталмыш емдеу курсын ерлі-зайыпты Аманат Демешов пен жұбайы Мәлика Темірболатқызы жүргізбек. Олар емге келген жандарға алғашқы курсын бастап кетті.
– «Айкуне» жаттығулары арқылы омыртқадан бастап басқа да сүйек буындары мен қан-тамыр жүйесінің жұмысын қалпына келтіруде маңызы зор, - дейді ерлі- зайыпты Аманат пен Мәлика.
Ендеше, басталған игі іске біз де сәттілік тілейміз.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ,
сурет автордікі