Индербор кентіндегі жылан жайлаған үйлер

Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, соның ішінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың үкімет алдына қойған бірден-бір тапсырмасы болатын.

Бұл бағытта біраз жұмыс қолға алынғанымен тұрғындар қиналып жүрген мәселелер әлі де жеткілікті. Солардың қатарында апатты үйлер тұр. Бұдан бұрында көтеріліп жүрген Индербор кентіндегі М.Жұмабаев көшесіндегі 7,8,9-шы үй тұрғындарының дабылы адам аяғандай, әрине. Мысалы, тұрғын Ә.Ділмұқашева:
 - Мұнда көп балалы, әлеуметтік аз қамтылған, мүгедектігі бар жандар да тұрады. Қарттарымызда бар. Бұл үйде тұру мүмкін емес. Канализация толып, бітеліп қалады. Екі апта сайын сорғызып, 15-20 мыңнан ақша төлеп отырмыз. Сорғызбасақ үйге кіреді. Жаңбыр жауса 1 этаж толық суға кетеді. Фундамент жоқ, жарық жүйелері тозығы жеткен, су да 2 қабатқа көтерілмейді,-дейді.
Ал көп балалы ана Ж.Ізім жәндік көп екенін, соның ішінде қара құрт, жылан қаптап жүргенін, балаларын шағып ала ма деп қауіптенетінін айтады. Сондай-ақ олар салынатын үйді күтуді жағдайлары көтермейтінін, сондықтан үйдің қаржысын беруді сұрайды.   
Осыған орай жақында облыстық мәслихат депутаттары С.Ідірісов пен Ж.Амантурлин осы үй тұрғындарының арыз-шағымдарын тыңдап, жағдайды өз көздерімен көрді. 
Шынымен, бұл үйде тұру мүмкін емес. Үйдің төбесі шұрық-тесік. Жауын-шашында суға кетеді. Үйдің алдында ескі гараждар, қора-қопсы құлағалы тұр.  Айналасы толған қоқыс. Ойнап жүрген балаларға әбден қауіпті.   
Дегенмен ауданда апатты үйлер мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп те келе жатыр. Бұл жөнінде аудандық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ш.Ғаббасов: -Ауданда 187 пәтер апатты жағдайда тұр. Мұндағы тұрғындарды жаңа пәтерге көшіру басты жоспарымызда тұр. Бүгінде Жарсуатта 26 үй, Бөдене ауылында 13 баспана апатты үйде тұрып жатқан тұрғындарды көшіру үшін салынып жатыр. Бәрі қаржыға байланысты,-десе, құрылыс бөлімінің бас маманы М.Ибраев Көктем мөлтек ауданынан сатып алу арқылы салынатын екі үйдің жобалық құжаттамасы жасақталып жатқанын, оны салушы құрылыс компаниясының өзі жасайтынын, әзірге ештеңе басталмағанын қаперге берді. 
Қайткенде де билік жылан жайлаған үйлердегі тұрғындарды жедел көшіру жағын қарастыру қажет-ақ.

Ж.Ісім

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT