Индер өніміне сұраныс жоғары

Еліміздегі өндірістік саласында өзіндік қолтаңбасы бар Индер «Ақтау Битум» ЖШС-і өткен жылдың сәуір айынан бастап жұмысы кейінгі жылдары тұралап қалған құрғақ қоспалар өндіру зауытын қолға алып, жұмыс қайта жанданған еді.

Қашанда басталған іске сыншы көп болатыны анық қой. Бұл да алдыңғысының кебін киеді деп сырттай тон пішушілер болғанымен мекеме өз мұратына жете бастағандай. Шыны керек, басында жағдай әлде қалай болады екен деген сұрақ көпшілік көкейінде болғаны шын еді.

Алайда жылға жетпес уақыт ішінде серіктестік зауытты қайткен күнде де аяғынан тұрғызудың қарекетін жасады. Солай болды да. Серіктестікте бүгінде барлығы 58 адам еңбек ету үстінде. Заманауи қондырғымен жабдықталған кәсіпорын өткен жылы 4705 тн құрылыстық гипс және 1 944 тн құрғақ құрылыс қоспаларын өндіріпті. Жергілікті кен орындарынан алынған гипстік құрамы жоғары шикізаттан төрт түрлі құрылыс қоспалары шығарылады. Олар: қолмен және машиналық әдіспен жағылатын гипсті сылақ қоспалар (штукатурка), соңғы тегістегіштер (шпатлевка). Сонымен қатар ұсақ және орташа иленген гипс ұнтақтарын да дайындау жұмыстары жүруде.

Серіктестік өкілі Сәттібек Дүйсенбиевтің айтуынша, Дендердің жерасты қазба байлығынан дайындалған өнім еліміздің Алматы, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Түркістан және басқа да қалаларына жіберілсе, индерліктер тарапынан да сұраныс жоғары екен. Бұл бағытта ауданда жүріп жатқан түрлі құрылыс нысандарына пайдалану бағытында мердігер мекемелермен де тисінше келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. Дайындалу сапасы жоғары өнімнің көлемін биылғы жылы сұранысқа сай ұлғайту жоспарланып отыр. Оған мүмкіндік те бар.

Сондықтан да жергілікті тұрғындар мен мекемелер алдағы уақытта зауытпен байланысын үзбей, тығыз қарым - қатынас та бола береді деген сенім бар. Сапасы жоғары, бағасы қолжетімді құрылыс қоспаларын өндіру арқылы серіктестік ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қоса бермек.

С.КӨШЕКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521