ИНДЕР АУДАНЫНДА 80 ПӘТЕРЛІК ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында еліміздегі құрылыс саласын дамыту арқылы баспана мәселесін шешуді атап өткен болатын. Осыған орай мемлекеттік бағдарламалар аясында Атырау облысына қарасты аудандарда тұрғын үй құрылыстары бой көтеріп пайдалануға берілуде. Бүгін Индерде «Көктем» мөлтек ауданына қарасты  11-аймақтан  80 пәтерлік жаңа баспананың кілттері табысталды.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Серік Нысанбаев тұрғындарды қоныс тойларымен құттықтап игілікті істің жалғаса беретінін айтты.

-Осы маңайда әліде көптеген тұрғын үйлер құрылысын жүргізеді. Кезектегі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ететін боламыз. Және де өткір тұрған апатты тұрғын үй иелеріне де осы жерден тұрғын үйлер салынады.  Ендігі кезекте осы «Көктем» мөлтек  ауданын абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Бүгінгі пәтер алған барша тұрғындарды зор қуаныштарымен құттықтаймыз!-деді аудан басшысы Серік Нысанбаев.

Жалпы ауданы 7503 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйдің 75 пайызы  әлеуметтік жағынан осал топтарына, көп балалы отбасыларға және ата-ана қамқорлығынсыз қалған  балалар санаттарына берілді. Қалған бөлігі «Отбасы» банк арқылы ипотекалық кредит түрінде берілмекші.

-Мен бес балалы анамын. Үш бөлмелі үйімді алып жатырмын. Аудан әкіміне көп-көп рахмет айтамын. Тұрғын үй алып жатырған барша тұрғындарды құтты қоныстарымен құттықтаймын,-дейді көп балалы ана Айнара Улжабаева,

Айта кетейік кенді аймақта соңғы 5 жылдықта Индербор кентінде 2021 жылы 80 пәтер, 2023 жылы 192 пәтер табысталса, Жарсуат ауылдық округінде 10 үй кезек бойынша әлеуметтік осал топ, аз қамтылған отбасылар мен жалғызбасты аналарға берілді.

Үстіміздегі жылы  Индербор кентінде 80 пәтер, Бөдене ауылдық округінде 12 тұрғын үй кезектілікпен табысталатын болады.  

 

Сұңқар КӨШЕКОВ,

Индер ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT