Жақында «Балдәурен» бөбекжай бақшасында осындай тақырыппен ашық сабақ өтті.
«Қызғалдақ» ересек тобының тәрбиешісі Майжан Жөкесқызы ұйымдастырған бұл шара тәрбиеленушілердің танымдық және зияткерлік, шығармашылық қабілеттерін арттыруға және ұлттық құндылықты насихаттауға бағытталған.
Қазақи ұлттық киімдермен әп-әдемі киінген балалар дөңгеленген шеңберде отырып алдарындағы ұлттық болмысымызды айшықтайтын киіз үйлерді алып, оның астында жасырылған сиқырлы түрлі-түсті асықтарды таңдап 3 топқа бөлінді.
І топ қазақтың ою-өрнектерін пайдалана отырып түрлі пішіндер құрап, өз ойларын ортаға салса, ІІ топ тақтаға постер құрап, әңгімелейді. Ал ІІІ топ асықтарды түсі бойынша сызық арқылы біріктіреді. Бүлдіршіндер тапсырмаларды ойдағыдай орындап, ойларының ұшқырлығын байқатты.
Ал Айнамкөз Жарас Абайдың «Қыс» өлеңін мәнерлеп жатқа оқыса, Батырхан, Дара, Аружан, Рамазан, Санжар, Нұриман, Исмайл «Шалқан», Бауыржан мен Парасат "Қарлығаш пен Дәуіт" ертегілерін кәнігі әртістердей өте тамаша сомдап шықты.
Сондай-ақ сабақ қазақтың ұлттық ойынының бірі «Тақия тастамақпен» қорытындыланды.
Шараға арнайы қатысқан ата-аналардың атынан сөз алған Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Тілектес Құбашева ұйымдастырушыларға алғысын айтып, балалардың белсенділігіне жоғары баға қойды.
Ақмарал Бокирова,
ата-ана