Еңбегімен еленді

Мұнай саласындағы қайнаған тірлік аудан көлемінде де жүріп жатыр. «ҚазТрансОйл» АҚ-ның құрамындағы «Индер» мұнай айдау стансасы Маңғыстау мен Атыраудың мұнайын Самараға жеткізуде елеулі үлесін қосып отырған маңызды стратегиялық нысандардың бірі.

Аталмыш ұжым жақында ұзақ жылдар тындырымды еңбегімен еленген Қаражанов Қалыбай Ғұбайдоллаұлын зейнеткерлік демалысқа салтанатты түрде шығарып салды.

Атырау мұнай құбыры басқармасынан қоршаған ортаны, еңбек қорғау және өндірістік қауіпсіздік жөніндегі бөлімнің бастығы Жеңісбек Бекарыстанов алдымен сөз алып, жеті қат жер астынан өндірілген қара алтынды мыңдаған шақырымдарға созылған магистральды құбыр бойымен тиісті жеріне межелі мерзімінде, ысырапсыз және қауіпсіз жеткізілуін қамтамасыз ету маңызды міндет екенін атап өтті. Осы орайда өзіне жүктелген маңызды міндетті мінсіз атқаруда тәжірибелі маман Қалыбай Ғұбайдоллаұлының зор еңбегін атап өтіп, басшылығы атынан Алғыс хат табыс етті.

«ҚазТрансОйл» АҚ Батыс аймағы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алтынгүл Шакимова қауіпсіздік саласымен қатар жас мамандарды тәрбиелеу жолындағы еңбегін елеп кәсіподақ атынан Алғыс хат табыс етті.

Станса басшысы Шафхат Құмашев та оның озық технологияларды кәсіби тұрғыдан меңгерген, біліктілігі және тәжірибесімен ортақ іске айтулы үлесін қосып жүргенін атап өтті. Сондай ақ мекеменің технологиялық қондырғының автоматты басқару жүйелері жетекші инженері Қайрат Серікқалиев, инженер механик Жанболат Садықов, аға шебер Садық Әліби, т.б, сөз алып, ақ тілектерін білдірді.

img-20210330-wa0034

Айта кетейік кезінде Қазақ политехникалық институтын тамамдаған Қалыбай Ғұбайдоллаұлы аталмыш ұжымда 2004 жылдан бері өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі жетекші инженері қызметін атқарып келген еді.

Ал оған дейін Индер борат кенішінде еңбек жолын бастап, кеніштің комсомол ұйымының хатшысы, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, аудандық тұрмыстық қамту комбинатының директоры, «Индертұз» АҚ вице президенті, аудан және кент әкімшілігінің бас маманы сынды қызметтерді абыройлы атқарған болатын.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521