Екпенің елге пайдасы сөз болды

Бұрынғы алаңсыз өміріміз оралды дегенмен әлі де болса короновирустың өршіп тұрғандығын ақпарат құралдарын көріп біліп жүрміз. Еліміздің, тіпті ауданымыздың өзінде де екпеден қашатын, бала туылғаннан бастап түрлі ауруға қарсы салынатын вакцинадан бас тартып отырғандар жетерлік.

Бірі вакцинаның түк пайдасы жоқ десе, енді бірі керісінше «бізді осы вакцинамен уламақшысыңдар» деп айтатынын көзбен көріп, құлақпен естіп жүрміз. Осы турасында ардагерлер бас қосқан кездесуде кеңінен талқыланды. Алдымен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеп Нұриев аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен бірге өткізілгелі отырған шараның мақсатын түсіндіріп өтті. Ауданның бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ақмарал Қосымбаева екпе туралы айтылатын, халық арасында кең таралған «ертегі» ақпараттарға тоқталып өтті.

– Екпе қауіпсіз емес, аутизмге әкеледі, балаға бір уақытта бірнеше екпе егу денсаулығына зиян келтіреді, алдын ала егілгенше, сол аурумен ауырып шықсаң иммунитет өзі-ақ қалыптасады, вакцинаның ішіне микрочиптер салынған, ол біздің ойымыз бен іс-әрекетімізді үнемі бақылап отыру үшін әдейі жасалған, екпе жоспарын орындаған медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төленеді деген сияқты қате түсініктерді жиі кездестіреміз. Шындығында бұның барлығы да қате. Біз саналы ұрпақ ретінде өтірік әңгімеге ермей, ата-аналардан екпе туралы толық дұрыс ақпарат алуды, ұрпағымыз үшін дұрыс шешім қабылдауды сұраймын,- деді өз сөзінде Ақмарал Қосымбаева.

Дәрігердің сөзіне ардагер Серікқали Жұқиев та келісіп, өзінің бала кезінде осы екпе алып, тәуір болғандығын жеткізіп, жас ата-аналар екпеден қашпау керек десе, Таллин Тұрсынғалиева екпе туралы мектептерге, ата-аналарға барып арнайы түсіндірме жұмыстарын әлде де жүргізу қажет деді. Ал, Бақыт Қарекешова екпеден қашуға болмайды дей келе, мектеп оқушыларының ораза ұстап, мектепте шаршап жүрулері туралы ойын білдіріп, балаға дәрумендер көбірек қажет, сондықтан организміне кері әсерін бермеуі керек деген ойын айтты.

Шараға қатысқан басқа да ардагерлер қаңғыбас иттер мен мысықтардың көбейгендігін, олармен ойнап жүрген балаларға мұның да зардабы көптігін айтып, жануарларға да екпе егу мәселесін назардан қалдырмай, бақылауда ұстау қажеттігін айтып, тарқасты.

Жадыра НАРИМАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521