Бүгінде агросекторды дамыту басты назарда ұсталып отыр. Мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың арасында индерлік егіншілердің қатары өсе түсуде. Оларға арнайы жер телімдері беріліп, жер жырту жұмыстарына қажетті техникалар бөлінуде.
Ерте көктемде іске кіріскен шаруагерлердің жұмысымен танысу мақсатында аудан әкімінің орынбасары Әсет Оразғалиев бастаған құрамында ауыл шаруашылығы, ветеринария салаларының өкілдері бар арнайы топ қара топырақтан нәр алуға жұмыстанып жатқан «Дәулет», «Үмітқалиев», «Тәуекел», «Владимир», «Бақдәулет», «Шабанқара», «Слава», «Еспосинов, «Тілегенов» шаруа қожалықтарына барды.
Шаруагерлердің сөзінен ұққанымыздай, биылғы көктемнің ерте шығуы жоспарланған жұмысты ойдағыдай бастауға мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе, су тоғандарынан бөлінген судың өзі топырақтың ылғалды болуына өз септігін тигізіп отырған көрінеді.
– Өткен жылы отбасымызбен бірлесіп «Тәуекел» қожалығын құрған болатынбыз. Осы Елтай ауылдық округіне қарасты «Системаның» бойынан конкурс арқылы 50 гектар жер алғанбыз. Биыл 25 гектардай жерді игеруді қолға алып жатырмыз. Қазір қарауымызда шетелдік 4 азамат бар. Ол үшін мемлекеттен арнайы грант бөлініп отыр. Қазіргі таңда картоп, 8 гектарға люцерн ексек, қалғанына жоңышқа отырғызу жоспарда бар,-дейді шаруагер Асыланбек Олжабаев.
– Өзіңіз де білесіз, Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасына сәйкес, жермен жұмыс жасауға ниеттенген азаматтар үшін көп қолдау жасалуда. Сіз қол жеткізген 50 гектар жер сіздің несібелі болуыңызға мүмкіндік туғызсын дейміз,-деп тілегін қосты аудан әкімінің орынбасары.
Жалпы, биыл картоп тұқымының 10 түрін Орал қаласындағы «ОралАгросервис» ЖШС мекемесінен сатып алу жоспарланып отыр.
Атырау қаласы «Привокзальный» ықшам ауданында орналасқан «Агро -әлем» дүкеніндегі көкөніс және бақша дақылдарының тұқымдарымен бірге, тамшылатып суару технологиясының құралдары алынуда екен.
Пияздың «Манас» тұқымын Қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласынан «Сла[1]ва», «Индер-Агро», «Асыл-Агро» шаруа қожалықтары сатып алды. Десек те, биыл барлық егін тұқымдары 150- 200 есе қымбаттап отыр. Әлбетте бұл шаруагердің қалтасына оңайға соқпасы анық.
Шаруагерлер өз сөздерінде мемлекет тарапынан беріліп жатқан «Инвест субсидия» уақытында төленсе деген өтініштерін жасырмады. Бұл тұрғысында топ жетекшісі былайша жауап қайтарды: «Аудан көлемінде егу жұмыстары басталды.Жауапты бөлімдер тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Егіншілердің мәселелерін талқылау, шешу жолдарын қарау әркез назарымызда болады».
Айта кетейік, биыл аудан бойынша елуден астам шаруа 1650 гектар жерге егін егуге жұмыстануда.
Сұңқар ЕРСАЙЫНҰЛЫ