ДАНИЯРДЫҢ ЖҮЗІМІ

Ауласындағы бау-бақшасын  иран-бағындай   түрлі жеміске тұндырып  өсіріп отырған еңбекқор жандар арамызда бар. Солардың бірі   - Индербор тұрғыны Данияр Баянғалиев.
Даниярдың әкесі Ештен қарт та бау-бақша  өсірудің құпиясына қанық еді. Одақ кезінен бау-бақшаның түрлі елде жоқ газет-журналын алдыратын. Оның мол мағлұматын практикада іске асырып, бау-бақшасы жайқалып тұратын. «Әке көрген оқ жонар» деп, Данияр да жасынан бау-бақша өсіруге бейім өсті. Ауласында өрік ағаштарының өзі жеміске тұнып тұрады. Жайқалып өскен бұл ағаштарды  өріктің кішкентай ғана дәнінен  егіп шығарыпты. Әсіресе, дәмі бал татитын жүзімі ерекше. Ауладағы сәкі мен демалыс орындарының үстіне, бақшадағы жүрер жолдардың өзінде төбеңнен    жүзімнің ағаштары  көмкеріліп тұр.  Жүзімнің бұл жұлдызша, мускат түрлерін досы Асхат Жолайұлы Грузия еліне барғанда әкеліп беріпті. Рас тамыры болмаған  жүзім ағаштарын  үнемі  баптаудың арқасында  әрмен қарай өсіп кетуіне қол жеткізіпті.
 -Егер қандайма жеміс ағаштың  күтімі болмаса  өнім бермейді ғой. Сондықтан да оның күтіп-баптауы өте маңызды.  Өзімнің практикамда бақшамның күтіміне химиялық тынайтқыштарды  қолданбаймын.  Қос үлкен ыдысқа  алдын ала бақшадағы түрлі арам шөптерді, сиырдың жаппасын суға араластырып қоямын. Оны бақшаны суарған кезде  шамалап қосып отырамын. Тыңайтқышпен тек жазда өнім піскенше ғана емес, күз, көктемде  де  қоректендіру қажет. Сонда ғана жемістер мол болады, -  дейді ол.
Бүгінде интернет желілерінде бау-бақша өсірудің қыр-сырын үйреткен  мағлұмат өте  көп. Бірақ кейіпкеріміздің айтуынша,  олардың ауа-райы, жерінің   топырағы дәл бізге сай келе бермейді. Сондықтан да жергілікті жерге ерекшелендірген жөн.
Кейіпкеріміз жүзім ағаштарын қараша айында мұқият жабады. Оның қалыңдығы кемінде 30 см-ден жоғары болғаны дұрыс деседі. Егер қыс аязды  болса үсіп қалуы әбден мүмкін екен.
-Ал бастысы,  әрқайсымыздың  бау-бақша өсіруімізге жазғы судың уақытында берілуінің маңызы зор. Бізді  жыл сайын үздіксіз жазғы сумен қамтып отырған «Индер-Су» мекемесінің қызметкерлеріне бек рахмет.  Әсіресе, жазғы судың қысымын   тұрғындардың үйлерін  аралап, мұқият қадағалап отыратын мекеме қызметкері Ибатолла Ихласов сынды азаматтардың еңбегі көп деп ойлаймын.
 Адам баласы өзінің туған жерінің ет-сүтін, жеміс-жидегін тұтынған пайдалы деп білемін. Шетелдің тамағы біздің денсаулығымызға қаншалықты нәр болады, - дейді Данияр Ештенұлы.

 

Саламат Б.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT