ДАЛА ЖҰМЫСЫНА ДЕМ БІТТІ

ҚАР КӨБЕСІ СӨГІЛІП, КӨКТЕМ ТУҒАН ШАҚТА ШАРУАГЕРЛЕР, ӘСІРЕСЕ ДИҺАНШЫЛАР ҚАУЫМЫ ҮШІН ҚАУЫРТ ШАҚ БАСТАЛАДЫ. АУДАНДЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БЕРГЕН МӘЛІМЕТІ ДЕ БҰЛ СӨЗІМІЗДІ РАСТАЙ ТҮСЕДІ.

Бөлім басшысы Тоғайбай Салахадиновтың айтуынша, алдағы уақытта шаруа қожалықтары мен жеке секторларды қоса есептегенде 1630 гектар жерге егін егіледі деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 475 га жерге картоп, 465 гектар жерге көкөніс, 190 гектар жерге бау-бақша дақылдары отырғызылмақшы. Сонымен қатар 500 гектар жерге екпе шөп егілмек.

Мұнан басқа шаруагерлерге жер жыртып беру мақсатында аудан әкімдігінің теңгерімінде тұрған ХТЗ-150ТК, LUTONG LT1604 техникалары көмекке барса, 13 трактор, сеялька және тіркемелерін қатыстыру арқылы біршама жұмыс ауқымы атқарылады деп есептелуде. Сонымен қатар, МТЗ-82 тракторын жер тырмалауға, ал, тегістеу, пленка тарту, жапырақтан минералды тыңайтқыштар себу жұмыстарына шаруашылықтар өздеріндегі бар мүмкіндікті пайдаланбақ.

Егін егу үрдісінде зор тәжірибе жинақтаған «Асыл-Агро», «Слава», «Шаңырақты», «Хихимов», «Владимир», «Манас» шаруа қожалықтары өздерінде бар техника мен қажетті жер көлемін межелі уақытқа дейін дайындамақ. Оның ішінде өткен жылдың қазан және қараша айларында 220 гектар жер жыртылып қойыпты. Тұқым алуда да кідіріс болмайтынға ұқсайды. Олай дейтін себебіміз картоп тұқымының 10 түрлі сортын Орал қаласындағы «ОралАгроСервис» ЖШС алады. Ал мұнайлы шаһар Атырау қаласындағы «Агроәлем» дүкенінен көкөніс, бақша дақылдарының тұқымдарымен бірге жеміс-жидек ағаштарын және тамшылатып суару технологиясының құралдары алынуда. Заманауи үлгіде озық технологияларды пайдалана отырып, аз шығынмен мол өнім алу үрдісіне жергілікті шаруагерлер машықтаныпақ келеді.

Айталық, шаруагерлер күшімен 600 га жерге тамшылату, 167 гектар жерге жаңбырлатып суару әдісі пайдаланылмақ. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, соңғы жылдары тамшылатып суару әдісін таңдаған шаруалар қатары өсу үстінде. Айталық өткен жылы 27 шаруа қожалығы 460 гектар жерге егін ексе, биылғы жылы 38 шаруа қожалығы 550 гектар жерге осындай әдіспен егін егіп, мол өнім алуды жоспарлап отыр. Жоңышқа өсіруге 15 шаруа қожалығы ниет білдіріп отырғаны да белгілі болды. Өткен жылы «АсылАгро» ШҚ 80 гектарға, «Төлес» ШҚ 10 га жерге жаңбырлатып суару әдісімен көп жылдық мал азығын салып, алғашқы өнімдерін алған болатын. Жаңбырлатып суару әдісімен көршілес Түркия мемлекетіндегі «АФКО» компаниясынан жергілікті жерден «Испусинов» ЖК 10 га жерге, «Әділет» ЖК 17 га жерге қажетті құралдарын 27 млн теңгеге сатып алып отыр.

Бұл бағыттағы жұмыстарды индерборлық «Мол» ЖШС 17 га, есболдық «Қосымбаев А» 100 га, Елтай ауылынан «Тәуекел» ШҚ 17 гектар жерге орналастыруды көздеуде. Шаруагерлер өздеріне қажетті минералды тыңайтқыштарға сұраныс беріпті. Атап айтқанда, аудандағы 12 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 150 тонна тыңайтқыш алмақ. Шаруаны дөңгелетуге қажетті еңбек күшіне деген сұраныс та жоғары. Үстіміздегі жылы 15 шаруа қожалығына 215 шет ел азаматтарын жұмысқа тарту үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына өткен жылдың желтоқсанында сұраныс жіберілген. Қажетті квотаны алу облыстық жұмыспен қамту басқармасы арқылы жүзеге асырылмақ. Осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатырған көрінеді.

С.КӨШЕКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521