Бізді математикаға баулыды

Биыл Аққаладағы айтулы мектепке 100 жыл толып жатыр. Жалпы білім ұясынан шыққанымызға 55 жылдан астам уақыт өтсе де мектеп кезіндегі ұстаздарым еске орала береді. Солардың бірі 30 жылға жуық уақытын сол Аққала орта мектебінде оқушыларға сабақ беріп, қаншама шәкіртті білім нәрімен сусындатқан аты кең танымал, ардагер ұстаз, 1993 жылы дүниеден өткен  Әжіғалиев Орынбасар Әжіғалиұлы еді.

  Ол кісі сонау 1964-1966 жылдары Индербор кентіндегі Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте біздерге математика пәнінен сабақ берді. Өте тамаша, сабағын сіңімді өткізетін. Одан бұрын Сәкен Сейфуллин орта мектебінде директор болып,абыройлы қызмет еткені бар. Жақсы маман қоғамға да қажет екені сөзсіз. Сондықтан Орынбасар ұстазымыз 1966 жылы Аққала  орта мектебіне директорлық лауазымға барып, кейін ғұмырының соңына дейін сол мектепте сабақ бергенін білемін. Біз есейіп, әр салаға кетсек те кездесіп қалғанда, тоқтай қалып жағдайымызды сұрап жататын, қолындағы затының  соңғысын беріп жіберетін ашық, жомарт еді. Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі, ұстаздың лаулаған жалыны – әр жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын қуаттың, өмірдің қайнар көзі. Тіршіліктегі шырақтың сөнбес ошағы. Әрбір шәкірттің өзі сүйген, жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі көкірек көрігінде, жүрек түбінде сақталуы заңдылық. Ағай туралы айтар болсақ, көз алдыма ақжарқын мінезді, ақ  жүректі, жылы жүзді ұстаз, қиялға батырып, еріксіз нұрлы естеліктерге жетелей жөнеледі. Ол шәкірттеріне математика пәнінің қыр-сырын терең меңгеруді үйреткен жан. «Математика» сөзінің өзі– білім, ғылымды білдіреді. Сондықтан, математика барлық ғылымдардың логикалық негізі, күретамыры», бұл пән ең алдымен балалардың дұрыс ойлау мәдениетін, логикасын дамытып, моральдық, эстетикалық, этикалық тұрғыдан тәрбиеленген болашақ тұлғаларды қалыптастырады», - деп сабағын бастайтын ардақты оқытушымыз  болып еді. Сол себептен де шығар, мұғалімнің зор еңбегінің арқасында бірге оқыған кластастарымыздың басым көпшілігі ма- тематика пәніне жақсы болды. Олардың  қатарында бүгінде Астана қаласында тұратын, жоғары санаттағы математика пәнінің мұғалімі Жантасова Зибаш, аудандық санитарлы-эпидемиологиялық басқармасының басшысы лауазымын- да болған Қыдыров Сәуірбай, инженер құрылысшы Қажығалиев Орынбасар және тағы басқалары да (бәрі де қазіргі мезгілде зейнеткерлер) бар.  Орынбасар ағай еңбек жолында әрдайым оқушыларды өз пәніне, сабағына қызықтыра білген, түсінбеген кездері  мейіріммен, қамқорымен көмектескен, білім мен тәрбиені ұштастырған ұстаз еді. Беделді, сабырлы, сабақты өте жақсы түсіндіретін тік мінезді қарапайым адам болды. Қазір ойлап отырсам, Орынбасар ағайдың да өмірден озғанына біраз жыл өтіп кетіпті. Осындай жақсы мұғалімнің рухына бас иіп, әрдайым еске алатындай іс қылса, артық етпес еді деп те ойлайсың.

Марат МҰҚАНОВ,

ардагер-эколог, аудандық қоғамдық

Кеңесінің мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521