М.Әуезов атындағы орта мектепте «Мектеп пен ата-ананың бала тәрбиесіне ынтымақтастығы» тақырыбында жалпы ата-аналар жиналысы өткізілді.
Күн тәртібі бойынша директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Күләш Мақсотқызы бүгінгі күннің өзекті мәселесі ата-ана мен мектеп ұстаздарын алаңдататын жасөспірімдердің электронды темекіге бой алдыруы туралы баяндама жасады. Адам ағзасына электронды темекінің зияны шаш-етектен екені түсіндірілді.
Электронды темекімен бірге жасөспірімдерге зиянды заттардың бірі насыбай шегу, желім иіскеу тағы басқа зиянды әрекеттерге еліктеушіліктің қауіптілігінің соңы өкінішпен аяқталатыны айтылды.
Сонымен қатар, бас қосуда аудандық АПБ ЖПБ-нің бастығы Б.Қайыржанов пен кәмелетке толмағандар істер жөніндегі инспекторы Г.Кубашева «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу» тақырыбында ата-аналармен еркін форматта әңгімелесті.
Жиналысқа мектептің «Қамқоршылық» кеңесінің мүшесі Серік Жайшығұл, мектепішілік ата-аналар алқасының төрағасы Шолпан Тілекова, «Әкелер» кеңесінің төрағасы Асылбек Қоныров, «Аналар» кеңесінің төрайымы Ақмарал Жұмашева және 54 сыныптың ата-аналар кеңесінің төрағаларымен бірге барлығы 70 ата-ана қатысты.
Қатысушылар тарапынан аудандық ішкі істер бөлімінің мамандарына көкейде жүрген сұрақтары қойылып, ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Мамандар тарапынан жасөспірімдердің кешкі мезгілде түнгі 23: 00-ден кейін ата-анасыз жүрмеуін, электронды темекі, ұрлық пен бопсалау мәселелері туралы заң аясында толымды түсінік берілді. Келеңсіз әрекеттермен айналысқан оқушылардың жазасыз қалмайтыны, болашағына кедергі келетіні туралы қатаң ескертілді.
Ата-аналар тарапынан қателікті мойындау, сонымен қатар бұл зиянды нәрселерді сауда нүктелерінде кәмелетке толмағандарға сатылмау заңдылықтарын қарастыруды талап етті.
Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Жұмагүл Ермекбаева бүгінгі ата-аналар жиналысында көтеріліп отырған жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша ата-аналарды ұстаздар қауымымен бірге ынтымақтастықта бірлесуге шақырып, қорытындылады.
Күләш Көккөз,
М.Әуезов атындағы орта мектептің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,
Индер ауданы